Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫ МАМАНДАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласында еліміздің әр өңірінен келген Отбасын қолдау орталықтарының мамандарына арналған республикалық оқу-семинары басталды. Үш күнге жоспарланған іс-шара отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккен азаматтарға кешенді көмек көрсету және ведомствоаралық байланысты нығайту мәселелеріне арналады. Оқу-семинар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорының (ЮНФПА) және Ұлыбританияның халықаралық даму бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – Отбасын қолдау орталықтары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, зорлық-зомбылық жағдайларын ерте анықтау, қауіп-қатерді бағалау және зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс тәсілдерін қалыптастыру. Семинар барысында қатысушылар отбасылық-тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, қолданыстағы заңнама талаптары, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету стандарттары бойынша білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері, жеке қауіпсіздік жоспарын әзірлеу, зорлық-зомбылық жасаған адамдармен психологиялық түзету жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қарастырылады.

Оқу бағдарламасы — теориялық дәрістермен қатар практикалық жұмыстарды да қамтиды. Қатысушылар нақты жағдайларды талдап, топтық тапсырмалар орындау арқылы зардап шеккен азаматтарға кешенді көмек көрсету алгоритмдерін пысықтайда. Сондай-ақ полиция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жетілдіру жолдары талқыланады. Семинарда Түркістан облысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына ден қою және мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы тәжірибесіне де басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде өңірлер арасында тәжірибе алмасуға және сала мамандарының кәсіби байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Үш күндік оқу-семинар 21 қарашаға дейін жалғасады. Қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Бастама еліміздің барлық өңірінде отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттырып, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ортақ әрі тиімді тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас жазбалар

Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу

Admin

БАҚ ЖӘНЕ ОНЛАЙН-ПЛАТФОРМАЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА

Admin

Миссия стран ШОС

Admin