Бүгін Түркістан қаласында мәдениет саласының өкілдері республикалық референдумға қатысып, өз азаматтық таңдауларын жасады. Маңызды саяси науқан аясында өнерпаздар дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлап, ұлттық өнер арқылы ел бірлігі мен мәдени құндылықтарды дәріптеді.
Референдум учаскесіне жиналған көпшілік алдында Қыдыр Ата бата беріп, елдің тыныштығы мен бірлігін, береке-бірліктің арта түсуін тіледі. Ақ батадан кейін өнерпаздар ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, халық алдында ән-жыр орындап, ерекше рухани атмосфера қалыптастырды.
Сонымен қатар өнер иелері елдік пен татулықты насихаттайтын шығармаларды орындап, тұрғындарды қоғамдық-саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Жалпы, Түркістан қаласында референдум учаскелері штаттық режимде жұмыс істеп, қала тұрғындары маңызды саяси шараға белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр.
