Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан облысында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Экологтар күні кең көлемде аталып өтті. Атаулы күнге орай облыс орталығы – Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған экология саласының мамандары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер және қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиынның негізгі мақсаты – табиғатты қорғау ісінің маңыздылығын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны сақтау бағытында еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдау және қоғам назарын экологиялық мәселелерге аудару болды.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жиналған қауымды Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол табиғатты қорғау – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігі екенін атап өтті.

– Баршаңызды 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Табиғат – ата-бабамыздан мирас болып қалған баға жетпес байлық, келер ұрпаққа аманат етіп табыстайтын асыл қазынамыз. Оны қорғау, сақтау және табиғи байлықтарымызды ұқыпты пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазақ халқы ежелден табиғатты аялауды өмір салтына айналдырған. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөздер халқымыздың табиғатқа деген ерекше құрметін көрсетеді.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл – белгілі бір уақыт аралығындағы науқан емес, қоғамның өмір салтына айналуы тиіс маңызды бастама. Біз облыс тұрғындарымен бірлесе отырып, өңіріміздің тазалығын қамтамасыз етуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жанашыр көзқарасты дамытуға бағытталған көптеген жұмыстарды атқарудамыз. Ортақ күш-жігердің арқасында өңіріміздің экологиялық ахуалы жақсарып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артып келеді. Табиғатты қорғау бағытындағы игі істер жалғасын тауып, облысымыз одан әрі өркендей берсін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бағытында белсенді еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды. Олардың қатарында экология саласының қызметкерлері, коммуналдық мекеме мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері және еріктілер болды.

Марапаттау рәсімі қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеп қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Мерекелік жиында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ол қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде бүкіл әлемдік деңгейдегі өзекті тақырыпқа айналғанын атап өтіп, табиғатты сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде сала ардагерлері мен қоғам белсенділері де экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы ортақ жауапкершілік туралы пікірлерін білдіріп, табиғатты қорғау ісіне жастарды кеңінен тартудың маңызын атап өтті.

Іс-шара аясында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әсем әндер мен ұлттық өнер үлгілері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті. Өнер ұжымдары туған жерді, табиғатты, Отанды сүю тақырыбындағы шығармаларды орындап, экологиялық құндылықтарды насихаттауға үлес қосты.

Сонымен қатар мерекеге орай саябақ аумағында абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Ағаштар әктеліп, қоршаулар сырланды, гүлзарлар ретке келтіріліп, аумақ толықтай тазартылды. Мұндай жұмыстар тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауына ықпал етіп, қоғамдық орындардың көркін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген. Бұл күннің негізгі мақсаты – адамзаттың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Содан бері 5 маусым әлемнің көптеген мемлекеттерінде табиғатты қорғауға арналған түрлі акциялар, форумдар, ағаш отырғызу науқандары, экологиялық марафондар мен ағартушылық шаралар ұйымдастырылатын маңызды күн ретінде атап өтіледі.

Қазақстанда да бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы халық арасында кең қолдау тауып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда.

Түркістан облысы бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, өңір көлемінде кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде облыстың барлық аудан-қалаларында тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылуда, ағаш көшеттері отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары қарқын алған.

Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында білім беру мекемелері, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен түрлі акциялар өткізілуде. Әсіресе жастар мен еріктілердің белсенділігі жоғары деңгейде байқалады.

Соңғы уақытта облыс көлемінде ұйымдастырылған Тазалық марафоны тұрғындардың экологиялық бастамаларға деген қызығушылығының артқанын көрсетті. Ауқымды акция барысында 19 мыңнан астам өңір тұрғыны мен волонтер қатысып, қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.

Марафон аясында 6 295 арнайы техника жұмылдырылып, елді мекендер мен қоғамдық орындарда кешенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 490 гектар аумақ абаттандырылып, 246 тонна қоқыс шығарылды. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын аңғартады.

Мұндай бастамалар өңірдің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоғамда табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі қоршаған ортаның тазалығы әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі мен күнделікті өмір салтына байланысты.

Қазіргі таңда Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстарын күшейту, қалдықтарды тиімді басқару, қайта өңдеу үлесін арттыру және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі бүгінде экономикалық даму мен қоғамдық әл-ауқаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Сондықтан табиғатты қорғау ісіне мемлекеттік органдармен қатар бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар және әрбір тұрғын белсенді қатысуы қажет.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында ұйымдастырылған іс-шаралар қоғам назарын осы маңызды мәселеге тағы бір мәрте аударып, табиғатты сақтау жолындағы ортақ жауапкершілікті нығайта түсті.

Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өңір тұрғындарының белсенді қатысуымен жүзеге асып жатқан мұндай игі бастамалар туған өлкенің көркеюіне, табиғи байлықтардың сақталуына және келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы қоршаған ортаны аманат етуге қызмет етпек.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАНДА ҒАЛАМАТ ЖОБА ӨТТІ

Admin

В ТУРКЕСТАНЕ В ПРЕДДВЕРИИ САММИТА ПРОШЛА ВЫСТАВКА ПОРОДИСТЫХ СОБАК

Admin

35-летию Независимости Республики Казахстан

Admin