Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Талантты жастардың келешегі жарқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел жастары туралы: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек», — деген болатын.  Себебі, жастар – ел үмітін арқа­лаған еліміздің баянды болашағы әрі кемел келешегі. Сондықтан да еліміздегі саналы, талантты да табанды жастар қоғамның қоз­ғау­шы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, мемлекетіміздің дамып, өсіп-өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп, әлемдік аренадан алатын орнымызды нығайтуға үлес қосып ке­ле жатыр. Бұл өмірдің тоқтаусыз әрі шартты үрдісі десек, қателеспейміз.
Келешекте елдің тізгінін ұстап, тұрақтылықтың тұтқасы болатын дейтін жастармен жұмыс жүргізіп, мемлекеттік жастар саясатын жоғары деңгейде жүзеге асыру, сонымен бірге жастарды жан-жақты дамыту – аймақтардағы жастар ресурстық орталықтарының басты міндеті болып саналады. Осы бағытта бүгінде Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үйлестіруімен облыс жастары үшін көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр деп сеніммен айтуға болады. Нақтылайтын болсақ, қазіргі уақытта бағыт-бағдары мен мақсат-міндетін айқындап, жүрер жолын бекітіп алған облыстық «Жастар ресурстық орталығында» бес бірдей бөліп жұмыс атқарып келеді. Бүгін біз соның ішіндегі «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің жұмысына кеңірек тоқталып өткенді жөн санап отырмыз. Себеб аталған бөлім бес бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс істеп отыр. Ендігі кезекте сол бағыттар бойынша әңгіме өрбітпекпіз. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев өзінің әрбір саяси-идеологиялық маңызы зор үндеулері мен Жолдауларында ел жастарына беріліп жатқан білім сапасын арттырып, ғылыми бағытқа жетелеу жайында айтып келе жатыр. Мысалы, Президенттің кезекті бір сөзінде «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезең» дегені ел есінде болар. Себебі, қазіргі заманның талабы – білектің емес, білімнің қуаты арқылы дамыған елдердің қатарына кіріп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру. Осы орайда,   Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» «Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту» бағыты бойынша бірқатар жұмыс атқарып келеді. Осы ретте облыстық «Мектеп парламенті» құрылып, жарқын болашаққа жол ашатын ұйымның оқушылары өзін-өзі басқару ұйымдарын дамытып келеді. Сонымен қатар, жастар арасында оротарлық қабілет пен шешендік өнерді дамыту мақсатында орталық жанынан «Түркістан пікірсайыс орталығы» ашылған. Тиісінше, аталған қос жобаға қатысушы жастар ел үшін ызмет етуге бүгіннен бастап, өз пікірлерін еркін әрі дәлел-дәйекпен жеткізу, өзіндік позицияны саналы түрде қорғап, ой бәсекесіне дайын болуға дағдыланып жатыр деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударып: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – дей келе, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан еді. Ізін ала, Президенттің тапсырмасы аясында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» дайындалып, ол жоба Үкімет қаулысымен бекітілген болатын. Сондықтан, облыстық жастар орталығындағы аталған бөлім кезекті бір бағытын «Денсаулықты сақтау және көтермелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту» деп бекіткен. Бекітіп қана қоймай, жоспарларын іс жүзінде орындап та келеді. Өткен жылдардағы жұмыстарды айтпаған күннің өзінде, биыл орталық Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Рухани төрім – Түркістан» атты іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс істеп келе жатыр. Мәселен, жуырда ғана Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Балуан-Шолақ» спорт кешенінде 17 аудан, қалалар жастары арасында волейбол спортынан облыстық жарыс өткізілді. Сонымен бірге, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту бойынша өңірдің барлық аумағында әр аптаның дүйсенбісінде «Дүйсенбілік футбол» жобасы іске асырылып, жастардың спортқа деген ынтасы артуда. Оған қоса, орталық қызметкерлері жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кинокөрсетілім, ән кештері сынды түрлі іс-шаралар өткізіп жатқанын жиі байқаймыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – құқықтық сауаттылық пен сыбайластыққа қарсы иммунитетті қалыптастырып, жастардың Отансүйгіштік сезімін ояту. Себебі, дәл осы мәселелер бойынша жастардың әскерден жалтарып, Конституция талаптарын құрметтемеуі жиілеп кеткен. Президентіміз мұны да назардан тыс қалдырмай, әскердің иммиджін арттыру және жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Сол себепті жастар орталығы «Құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу» бағытын жандандырып, түрлі бастамалардың игілігін көріп отыр. Атап өтсек, бұл бағыт бойынша өңірде «Әскер өмір мектебі» атты жоба құрылып, Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы Түркістан облыстық филиалының жұмысын жүргізу және жастарды әскерге шақыру жұмыстары әрдайым іске асырылып жатыр. Соның нәтижесі болар, өңір мектептерінде құрылған «Жас сарбаз» сыныптарынан үздікатанған жауынгерлер республикалық «Айбын» әскери ойындарында бірнеше жыл бойы көш басынан түспей, «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары атанып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетуде. Жуырда Төлеби ауданында жастарды елін сүюге, Отан сүйгіштікке тәрибелеу мақсатында ұйымдастырылған «Айбын» әскери патриоттық жастар жиыны да жоғары деңгейде өткеніне куә болдық.
Түркістан облысында жастар арасындағы мәдениетті көтеріп, таланттарын шыңдау жұмыстары да жолға қойылған. Бұл тұрғыда орталық бөлімінің «Мәдени-рухани тұрғыдан дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу, бос уақыт пен демалыс үшін жайлы жағдайларды қамтамасыз ету» бағыты бойынша атқарып жатқан істерінің маңызы зор. Мысалы, осы уақытқа дейін облыс жастары өз шығармашылықтарын дамытып қана қоймай, 7  мамыр – Отан қорғаушылар күні,  9 мамыр – Жеңіс күні секілді қоғамдық маңызы зор мерекелерге арнап салтанатты іс-шаралар өткізді. Сонымен бірге, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай жастар арасында облыстық «Ой бәйге» интелектуалды ойыны, «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити-шоу сайысы өткізілді.   Сондай-ақ, «Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, еріктілік және қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу» бағыты бойынша өңір жастары тұрақты түрде табиғатты қорғау, тазалық сақтау акцияларын өткізіп келе жатыр. Одан бөлек, қоғамдағы көмекке мұқтаж азаматтар мен отбасыларға қол ұшын созудан да кенде емес. Сөз басында айтқанымыздай, мемлекеттік жастар саясатын жемісті түрде жүзеге асыру – бүгінгі «Жастар ресурстық орталықтарының» негізгі міндеті. Бұл орайда киелі Түркістан өңіріндегі бұл орталық қызметкерлері неше түрлі қабілеті бар жастарды даңғыл жолға салып, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етуге бағыттап келеді. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл сөздердің ар жағында таудай талап, жасымас жігер, қажымас қайрат тұрғаны даусыз.

Б.Мейірханұлы

 

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КЕЗЕКТІ БІР АУЫЛ «КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН» ҚАМТЫЛДЫ

Admin

В ТУРКЕСТАНЕ БОЛЕЕ 2000 ЧЕЛОВЕК ПРИНЯЛИ УЧАСТИЕ В МАРАФОНЕ ПО БЕГУ

Admin

Мораториден кейінгі тексерулердің ерекшеліктері

Admin