Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

БІЛІМДІ, ОТАНСҮЙГІШ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын.  Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңірген, елжанды, отансүйгіш, әлемдік білім, өнер, спорт бәсекелерінде халқымызды танытып, ел мақтанышына айналған жастарымыз да жоқ емес.

Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Президентіміз «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздер жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деген сөзі мемлекетпен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Жасыратыны жоқ, республикамыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің белортасынан табылып келеді. Мемлекет басшысының Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.

Қазіргі кезде кез келген саланы ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. XXI ғасырда заманауи техникаларды меңгерген, компьютердің құлағында ойнайтын ұрпақ өсіп келеді. Иә, бүгінгі күннің баласы отансүйгіш, жан-жақты білімдар, саяси сауатты болуы керек. Ал болашағын ойлаған ел, ең бірінші ұрпағын ойлауы қажет. Ендеше, тәуелсіз еліміздің алдына қойған мақсат-мұраты – ұрпақтарының жан-жақты болып өсуі. Саналы да білімді, салауатты ұрпақ дайындау ертеңін ойлаған елдің алдына қойған асқақ мақсаты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған жастарға жағдай жасау, олардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, төмен пайызбен несие  алуы сияқты міндет-ұсыныстар  алдағы уақытта жүзеге асатын болса, қоғамның жастар бөлігі бірқатар жеңілдікке ие болар еді. Осы тұрғыдан қарастырғанда, елімізде енді жолға қойылып келе жатқан мемлекет пен кәсіпкерлік серіктестігін ары қарай жалғастырып, құрылыс компаниялары үшін тиімді ұсыныстарды, салықтық жеңілдіктерді қарастыру  мүмкіндіктерін көбейткен абзал.

Мемлекет басшысы Жолдауда жатақхана мәселесі мемлекет мойнындағы жауапкершілік ретінде қала беретінін айтты. Осы орайда жеке меншік жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау жасалатындығы да орынды. Бүгінде жастардың алдында үлкен міндеттер тұр. Олар өз білімін ары қарай ел келешегінің дамуына арнап, экономиканың қай саласында болмасын еңбек етуді қалайды. Президенттің балаларға 18 жасқа толғанға дейін арнайы шот ашып, оның алдағы уақытта сапалы білім алуына мүмкіндік жасауы туралы ұсынысы болашаққа жасалған капитал, бұл көптеген қолдауға мұқтаж отбасылар үшін үлкен жеңілдік. Президент Жолдауында бес бағдар бойынша көтерген мәселенің барлығы да жұртшылықтың көкейінде шешімін таппай жүрген көптеген түйткілді жайттарды іске асыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы – оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындағын аңғартады. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз жалпы халықтың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап, қандай тәрбие алуы мен отан сүйгіштік қасиеттің дамуы аса маңызды. Ең әуелі жастар бойында рухани адамгершілік, саяси интелекттік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн. Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейдегі форумдарда белсенді қазақ жастарының басы қосылып, жұртшылық алдында сөз сөйлеген жастарымыз ұлтаралық татулық пен қазақ халқының мәдени және тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқандығы көңіл қуантарлық жағдай.

Кешегі күн кетті, көп нәрсе қолымызға жетті. Бірақ ұлттық намысымызды, тілімізді әлсіретіп алдық. Мәңгүрттенген жоқпыз, бірақ соған жақындап қалдық. Біз ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезек – жастарда. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Жастарымыздың бойында елжандылық, азаматтық пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана патриотымыз парасаты асқақтай түспей ме? Халқымыздың бойындағы патриоттық құндылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғандығы тарихтан мәлім. Жастарды жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беру мақсатында жаңа ғасырға еліміздің интелектуалдық элитасын қалыптастыруға, мемлекетіміздің басты игілігі болып саналатын этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті қорғауға шақыруымыз керек.

«Біз күш-қайратымызды, жастық жігерімізді тәуелсіз Қазақстанның дамуына жұмсаймыз. Ұлттық мүдде қағидасын сақтау мен ұлттық экономиканы – көтеру басты мақсатымыз».

Заманның заңғар тұлғаларының бірі – Міржақып Дулатов: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», – деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен әрқашанда мақтанамыз.

Халық, ел жастарға сенеді. Ал, ол сенімді бүгінгі жастар қалай ақтауда? Әрине, бес саусақ бірдей емес, олай болса жастардың барлығына кінә тағуға болмайды. Десе де бүгінгі жастарға рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, қала берсе, денсаулығымыз да жетіспейтін секілді. Біз бір қоғамның азғындау жолында тұрған сияқтымыз. Ойланып көрейікші, бізді қазіргі уақытты не қызықтырады? Елімізді өркендету үшін білімді жастар керек, жақсы оқып, жан-жақты білім мен ғылым алуымыз керек. Ел ертеңі – біздердің, келер ұрпақтың қолында деп айтып та, жазып та жатыр. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз деп білем.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек қой. Ал, барлық жігер, қайрат, еліміздің болашағы тек жастардың қолында.

Қорыта келгенде бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.

Ә.ӘУЕЛ.

 

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ КІТАП ОҚУ НАСИХАТТАЛДЫ

Admin

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА СПОРТ КЕШЕНІ ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНЕДІ

Admin

ТҮРКІСТАН: ТИІМДІ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ КЕНТАУДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ БІРҚАТАРЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Admin