Эльенора Ағабекқызының Шаян ауылындағы тігін цехына келсеңіз, өзіңізді руханият әлеміне келгендей сезінесіз. Өйткені, қабырғаларға көрнекті де әсем безендіріліп жағалай ілінген қанатты сөздер сізді өзіне еріксіз баурап алады. Алғашында келген шаруаңызды ұмытып, сол сөздерді оқып шығасыз.
Мінеки, қараңыз. «Ұстаның бізі сүйкімді, Жақсының сөзі сүйкімді», «Астыңда дөненің болғанша, Қолыңда өнерің болсын», «Қарап отырма, бір нәрсеге жарап отыр», «Адам үшін ең алтын қазына еңбек ете білу!» Осылай жалғасып кете береді, кете береді. Расында, өнеге аларлық асыл сөздер емес пе?! Бұлар әркімнің-ақ алдынан сәуле шашар шамшырағыңдай бағыт-бағдар беретін, жігерлендіретін өсиет-өнеге. Эльенораның осы ұтымды ұмтылысы бізге ұнады. Әрбір бастаманың, ізгі қадамның белгілі бір бастаудан бағыт алатыны белгілі. Сөйлесе келіп білдік, цех иесі жұмысын кітап саудасы саласымен бастаған екен. Руханият әлемінің көш басында тұратын кітап әлемі оны да жастайынан қызықтырған. Кәсібімен айналыса жүріп көптеген кітап оқыпты. Мұның өзі көркем келіншектің жан сұлулығын одан әрі байытқан.
Біздің таңырқайтын ретіміз де бар екен. Мұнда жаңа технологиялармен де таныса аласыз. Айталық, тоқыма өнімдері қалдықтарынан жүн шығаратын аппарат-станок бұрын біздің көрмеген бұйымымыз. Ал, тап осы қалдықтарды басқа қалаларда тау қылып, өртеп жататынын талай көргенбіз. Эльенора аппаратты іске қосты. Ешқандай да бір ыс немесе шаң сыртқа шықпайды. Ал, қалдықтар туралып, өңделіп қанар қапқа кәдімгі жүн болып түсіп жатыр. Тап осы жүнді жастық үшін пайдаланады екен.
– Бұл экологиялық жағынан таза. Жұмсақ әрі жайлы. Жұпар иіс шығарып тұратын да қасиеті бар, – дейді біздің күмәндана қараған кейпімізді қалт жібермеген кәсіпкер келіншек.
Ол осы аппарат-станокты шетелден 15 миллион теңгеге алдырған. Ал, көрпе қабатын станокты 2,7 миллион теңгеге сатып алыпты. Бұдан тыс кестелеу машинасына 1 миллион теңге жұмсапты. Цехта осы техникалармен қатар мақта түтетін станок та тұр. Кәсіпкер келіншек мұны кезінде 1,5 миллион теңгеге алдырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, мұнда 4 тігін машинасы зырылдап жұмыс істеп тұр.
Бес адамды жұмыспен қамтыған шағын цехта бүгінде қыз жасауы дайындалады. Көрпе, жастық, жамылғы, тағы басқа да күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар қабат-қабат болып жиналып тұр. Бұдан бөлек, осы цехта ұлттық киімдер тігіледі. Шапандарға ою өрнектеледі. Ою демекші, осында олардың бірнеше түрі бар. Оларды да атауларымен көрнекі етіп іліп қойыпты. Солардың ішінде «Қазтаяқ», «Үкібас», «Бұлақ», «Бөріқұлақ», «Қарлығаш», «Маралмаңдай» атты ою түрлері өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Әр оюға қарап тұрып, ойға батасыз. Бағзы әжелеріміздің қиял қанатының кеңдігіне таңдай қағасыз. Әр оюдың атауына сай айтары бар. Солардың ішінде шапандарға қондыратын ою түрлері де баршылық. Тоқырау жылдары шапан жабу жаппай үрдіске айналып кеткенде қоянның көжектеріндей бір-бірлерінен айнымайтын киімнің осы түрі көбейіп кетті емес пе?! Рас, шапан – қазақтың ұлттық киімі. Мақтанышымыз. Кезінде оны ханнан бастап би-болыстар, байлар киген. Сыйлы қонаққа, ерекше ерлігімен танылған батырларға зерлі шапандар жабылатын болған. Бізде осы үрдіс әлі де бар. Дегенмен, иыққа жабылған шапан иесіне қонымды да көңілінен шығуы керек емес пе?! Эльенора бастаған тігіншілер осы жағына баса мән береді. Бүгінгі сән үлгілері ескеріле келіп, тігілген әр шапанның өтімді болуы – басты назарда. Күні ертең тоғыз жолдың торабында жатқан Шаяннан әрі-бері өткендер «Шаянның шапаны-ай!» деп таңдай қағарына сенімдіміз.
Енді бәйдібектіктер күнделікті үй бұйымдары мен қыз жасауы үшін Түркістан мен Шымкентке сабылмайтын болды. Несі бар, күре жолдың бойына орналасқан цехқа әрі-бері өткендер де жиі бас сұғар. Балаларына енші беріп жатқан отбасыларына да жаңа көрпе-төсек керек емес деп кім айтар?! Ендеше, бизнес әлеміндегі Эльенора Ағабекқызының жұмысы тағы да еселенер. Өйткені, ол осындағы тігінші, басқа да қызметкерлердің санын ұлғайтуды көздеп отыр.
Бірнеше адамға жұмыс тауып беріп отырған осындай іскер келіншектер еліміздің көркі ғана емес, үлгі-өнегеге бастаушы көшбасшы да ғой. Адам үшін ең алтын қазына еңбек ете білуді үйреткен ортадан өнеге алатындар, ең бастысы, отбасына табыс түсіретіндер көбейе түспек. Бұл да бір қуаныш.
С.Олжабай,
Бәйдібек ауданы.
