Мемлекеттік Әнұран, Ту және Елтаңбамыз, яғни мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңның қабылданғанына, міне, 30 жыл толып отыр. Рәміздеріміз – бұл азаттықтың айнасы, елдіктің нышаны. Осы құндылықтарымызды қадірлей алып жүрміз бе? Рәмізге жүрегіміздің төрінен лайықты орын бере алдық па? Әсіресе, еліміздің желкілдеп өсіп келе жатқан болашағы – жас ұрпақтың бойына осынау қасиетті құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіре алдық па?
Мысалы, Еуропа елдеріне тоқталайықшы. Олар мемлекеттік рәміздерін қалай қадірлейді? Естеріңізде болса, 2004 жылы футболдан Еуропа чемпионаты Португалия жерінде өткен-ді. Турнир аяқталған соң Португалия ұлттық құрамасының бапкерлері мен ойыншылары Грекиямен өткен финалдық кездесуде жеңіліп қалғаны үшін ғана айыпталған жоқ. Олар сол ойынның алдында мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда алаңсыз сағыз шайнап тұрғандары үшін де жауап берді. Елдің абыройына осылайша нұқсан келтірген спортшыларға сол кездегі ел президенті Жоржи Сампайюдің өзі қаһарын төгіп, олар ірі көлемде айыппұл төлеп құтылған. Мұны көрген жас португалдықтар ендігі жерде рәміздеріне қалай немқұрайлы қарасын?!
Тіпті, біз космополитизмнің орталығы деп жатырқай қарайтын Америка Құрама Штаттарының халқына қараңызшы. Әнұранды жылап тұрып қосыла шырқап, Туын сүйіп жатқанда, біз қымсынып қалатынға ұқсаймыз. Ал, түбі бір туысқандарымыз – түріктер өздерінің ай-жұлдызды қызыл туларын қалай қастерлейді десеңізші?! Түркия азаматтары мемлекеттік туын үйінің төріне, кеңсесінің терезесіне, жеке автокөлігіне, жұмыс үстеліне дейін мақтанышпен іліп қояды. Бұл елдің дәстүрінде ант ішкен адам қасиетті Құран мен байрақты ұстап, ант етеді екен. Демек, мемлекеттік рәмізін ең қасиетті құндылық Құран Кәріммен қатар қастерлеп тұр ғой.
Айта берсек, мұндай мысалдар көп-ақ. Солтүстік көршіміз Ресейдің Мемлекеттік думасы 2002 жылы өз елінің Қылмыстық кодексіне мемлекеттік гимнді мазақ еткендерге қылмыстық жауапкершілік жүктеуді көздейтін бап енгізген.
Ал, біз көк туымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе? Негізінде, өзгеге қарап таңырқай беретін де жайымыз жоқ, рәміздерді қадірлеудің өз елімізде де сан қилы үлгілері бар. Тарихқа зер салып қарасақ, Қабанбай батырдың жанында қалмаққа қарсы шайқасқан Қазымбет батырдың жанкештілігі – бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық іс. Ол қан майданның ортасында жүріп ауыр жарақат алыпты. Сонда да атынан түспей, қолындағы туын жықпай, байрақтың сабына сүйенген күйі мерт болған екен… Жарықтық сол ерлер «Туымыз жығылмасын, елімнің еңсесі түспесін, жердің шетін жау баспасын, ұрпағым сужүрек қорқақ емес, ержүрек қаһарман болып өссін» деп шейіт кетіпті.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Рахымжан Қошқарбаев өліммен тікелей бетпе-бет келетінін білсе де, басын қатерге тігіп, Рейхстагқа жетуге асықты. Кез келген сәтте қарша бораған қорғасын оның өмірін жұлып кетер еді. Бірақ, ол жасқанбады. Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту қадады. Осы арқылы Кеңес әскерінің мерейін ғана емес, қазақ халқының ұлттық намысын да биікке шарықтатып кетті.
Мемлекеттік Ту дегенде олимпиадашыларымыздың еріктері еске түседі. Даңқты жерлесіміз, Түркістанның жарық жұлдызы Бекзат Саттархановтың, Ер Бекзаттың көк туды төбесіне көтеріп, Сидней төрінде атой салғаны күні кешегідей көз алдымызда тұр емес пе?
Ауызды құр шөппен сүртпейік, сол оғландардың жолын жалғайтын қара домалақтарымыз, шүкір, әзір де көп. Біз білім ошақтарына жиі барып тұрамыз. Сонда:
«Таласқа түссе жан мен Ту
Жан емес маған керегі,
Көк Тудың желбірегені» деген рухты әнді ести салып, оқушыларымыздың қосыла шырқап кететінін жиі көреміз. Еріксіз толқимыз, қуанамыз, Тәуелсіздікке тәубә деп шүкіршілік етеміз.
Бірақ, өкінішке қарай, барлық жастар бірдей осындай патриоттық рухта тәрбие алып, өсіп келеді деп тағы айта алмаймыз. Әнұранымыз айтылып жатқанда «әйтеуір, ауызды жыбырлатсақ болғаны» деген түсінікпен жүрген бозөкпелердің де барын несін жасырайық. Әрине, бұл жердегі ең үлкен жауапкершілік жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге жауапты ұстаздар қауымының мойнында екенін теріске шығармаймыз. Десе де, бүгінде балабақшалардан бастап барлық мектептерде, тіпті, колледждер мен жоғары оқу орындарында да бұл іске ерекше назар аударылады. Соған қарамастан әлгіндей келеңсіздіктер қылаң беріп қалады. Демек, бар жауапкершілікті тек педагогтарға жүктеп қоюға болмайтын сияқты.
Жастарға патриоттық тәрбие беру – баршамызға ортақ іс. Бұл іске ата-аналар, зиялы қауым өкілдері, идеологияға жауапты мекемелер, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары көбірек назар аударса екен дейміз. Идеологиялық мекемелер 4 маусым жақындағанда жекелеген байқаулар ұйымдастыру мен мереке күні жүз, екі жүз адам қатысатын ресми шара ұйымдастырудан әріге аспай жүр. Мерзімді баспасөз бен телевизиямыз да бұл тақырыпқа жылына бір рет қана соғып, кезекші материалдар беріп өте шығады.
Әсет Найманбайұлы өзінің бір әні туралы «Бұл әнді бірің бұзып, бірің түзеп, Бұқадай мұрындықсыз сүйрелерсің» депті. Келер ұрпақ Әрұранымызды осылай келеке етіп, Туымызды аяқасты етпесін десек, рәміздерді насихаттауды бір күнмен шектемейік.
Д.Тұрсынұлы
