Аға буын ұл-қыздарын отансүйгіштікке баулып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беретін. Бұған сол кезеңдердегі ата-әжелер институтының, қала берді, тәлім-тәрбие бағытындағы идеологиялық жұмыстардың ықпалы аз болмайтын. Жасыратыны жоқ, сол әскери-патриоттық тәрбие бүгінде кенжелеп қалды. Бүгінгі қоғам да бұл төңіректегі барлық кінәратты жастардың өзіне аударуға бейімделіп алғандай. Қит етсе, «жастарымыз бұзылған, патриоттық сезімнен ада» деп жастарды кінәлап жатамыз. Біле білсек, олардың елшіл сезімі, отансүйгіштік қасиеттері әуелі отбасынан, сосын мектеп қабырғасында қаланады емес пе?! Ал, сол ізгі қасиеттерді олардың бойына егетін мектептердегі тәрбие жұмыстары қай деңгейде? Жасөспірімдердің патриоттық рухын қалыптастыруда алғашқы әскери дайындық пәнінің рөлі қандай? Бәлкім, бұл бағытта дұрыс тәрбие бере алмай жүрген шығармыз? Бақсақ, мектептерде оқушыларға әскери-патриоттық білім мен тәрбие беруде күрмеуі қиын проблемалар жетерлік сыңайлы. Тарқатып көрелік.
Момышұлы енбеген оқулық…
Жақында Сенат отырысында мектептердегі әскери-патриоттық тәрбие мәселесі егжей-тегжейлі қаралып, аталмыш пәнді оқытуға қатысты біраз сын-ескертпелер айтылды. Депутат Әлішер Сатвалдиевтің айтуынша, білім ошақтарында әскери бағыттағы тәрбие жұмыстары мүлдем қожырап кеткен. Оған қоса оқу орындарының көпшілігінде алғашқы әскери дайындық пәнін оқытуға қажетті материалдық база талапқа сай емес, оқулық мазмұны тіпті сын көтермейді. Депутаттың сынымен Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Қайрат Әбдірақымұлы да келіседі. Оның айтуынша, мектептердің басым бөлігінде жаттығу қаруларын айтпағанда, саптық алаңдар мен тир жоқ. Тіпті, жаңа мектептердің өзінде де пәнге арналған арнайы бөлмелер, кедергілер жолағы мен тактикалық алаңдар қарастырылмаған.
– Алғашқы әскери дайындық және технология пәнін оқу-материалдық базасыз, көрнекі құралдарсыз, оқытудың жаңа технологиясына сай құрал-жабдықтарсыз оқыту әсте мүмкін емес. Ашығын айтайық, қазіргі таңда мектептердегі көрнекіліктер, оқу құрал-жабдықтары ескірген. Тіпті, пайдалануға мүлдем жарамсыз. Облыстағы 800-ге тарта мектептің көпшілігінде алғашқы әскери дайындық және технология пәніне арналған оқу кабинеттері бар. Бірақ, пән мұғалімдері оны өз есебінен, кейбіреулері демеушілер есебінен жабдықтайды. Соңғы 15-20 жылда мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті оқу-материалдық базаны жаңартуға ешқандай қаржы қарастырылмады. ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығына сәйкес, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнін оқытуға қажетті әскери мүліктің 49 түрі болуы керек. Бірақ, іс жүзінде аталған заттардың басым бөлігі жоқ, – дейді Қайрат Әбдірақымұлы.
Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беруде аталмыш пәннің алар орны ерекше. Бұл ретте жастарға алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің беретін пайдасы орасан. «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Талғат Әмірдиновтің айтуынша, 10 және 11 сыныптарға арналған алғашқы әскери дайындық бағдарламасында олқылықтар көп. Оның пікірінше, пәнді оқытудың күнтізбелік-тақырыптық жоспарын қайта қарау қажет.
– 10 және 11 сыныптар үшін бүкіл оқу жылына 34 сағат бөлінген. Оның 10 сағаты жол қозғалысына, 16 сағаты азаматтық қорғаныс саласына арналған. Негізі, бұл сабақтар бастауыш сыныптарда өтілуі керек. Қалған 8 сағаттың 3 сағаты құқықтық негіздерге, 3 сағаты атыс дайындығына, қалған екі сағаты саптық жаттығуларға негізделген. Сонда оқушылардың әскери даярлығын қалыптастыруға бас- аяғы 5-ақ сағат бөлінген болып тұр. Осыдан-ақ, пәннің бүгінгі жай-күйін аңғаруға болады.
Қазір қолданыста жүрген алғашқы әскери дайындық және технология оқулығы 2019 жылы «Келешек-2030» баспасынан шыққан. Жалпы редакциясы бұрынғы Қорғаныс министрі, бүгінде Ұлттық қорғаныс университетінің ректоры, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басқаруымен дайындалған. Дегенмен, оқулық кемшіліксіз емес. Онда негізгі басымдық азаматтық қорғаныс саласына берілсе, атыс дайындығы мен саптық жаттығуларға қатысты мәліметтер тым шектеулі. Ал, сапасына келсек, оқушыларды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселесі мүлде ескерілмеген деуге болады. Бұрынғы батырларымызды айтпағанда, берідегі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсеткен жаужүрек аға- апаларымыз жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Тіпті, соғыс жылдарында қолбасшылардың өзін өзгеше соғыс тактикасымен таңғалдырған қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы бір ауыз сөз айтылмайды. Оқулығымыздың сапасы осындай болса, бүгінгі жастардың тәрбиесіне не сын айтарсың?! Сосын пәннің технология деген атына орай сабақтың мазмұны робототехника және IT технологияларға қарай бағытталуы керек еді. Бірақ, мектептерде әскери робототехника немесе әскери дрондар бойынша ешқандай оқу құралы жоқ, – дейді Талғат Шәметұлы.
Мұғалімнің әскерде болуы міндетті ме?
Алғашқы әскери дайындық сабағының өзіне тән ерекшеліктері бар. Аталған пән мұғалімдерінің негізгі міндеті – келешекте Отанын, елін, жерін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу. Сондықтан мұғалімдерге өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз, тың ақпараттардан хабары мол болуы шарт. Алайда, бүгінгі пән мұғалімдері осы үдеден шығып жүр ме? Оқушыларға бүгін бастапқы әскери дайындық пәнінен кімдер сабақ беріп жүр?
Қайрат Әбдірақымұлының айтуынша, алғашқы әскери дайындық және технология пәні мұғалімінің әскерде болуы міндетті. «Егер әскерге бармаған жағдайда әскери кафедрада алған білімі болуы қажет. Ал, әскерге бармаған, қолына қару ұстап көрмеген мұғалім оқушыларға қалай дәріс бермек? Өкінішке қарай, мұндай мұғалімдер облыс мектептерінде аз емес. Көпшілігі әскери кафедрада алған білімімен ғана сабақ беріп жүр, – дейді басқарма өкілі.
«Оқушыларға әскери дайындық сабағын өткенде әр тақырыпқа байланысты көп ізденістер қажет екенін айтқым келеді, – дейді пән мұғалімі Талғат Әмірдинов. – Өзім әскери борышымды өтеп, жоғары оқу орнын бітірген соң қайда жұмыс істесем екен деген мәселелер туындады. Қалада жұмыс істеуіме болар еді, бірақ, туған ауылымның топырағы тартып тұрды. Міне, жиырма жылдан аса уақыттан бері ауылда алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқушыларға сабақ беріп келемін.
Жалпы, ҚР «Білім туралы» Заңы аясында өтетін алғашқы әскери дайындық пәні Калашников автоматын шашып, оны тез тазалап, жинау бойынша бағдарламаның теориялық негізіне сүйеніп өткізіледі. Сабаққа ұл-қыздардың әскери формада келуінің өзі балалардың жан-дүниесіне әсер етіп, Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке бөлейді. Қазақ жерін сыртқы жаудан қорғаған батырларымыз қаншама?! Сабақ өтерде оқушыларды ширатып алу үшін ел қорғаған батыр бабаларымыз туралы әңгімелер айтамын. Себебі, әр батырдың ерлік жолы балалардың жүрегіне батылдықты, батырлықты, Отан қорғауға деген шынайы ниетін шыңдайды. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін әртүрлі әдістерді пайдалана отырып өткізу қажет. Бейнематериалдар, әртүрлі деңгейдегі тесттер, сабақ өту кезінде психологиялық, математикалық тренингтер өткізу керек. Сабақты өмірмен ұштастырып, оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятуымыз керек. Алайда, сабақты осылай түрлендіріп өтуге көбіне көрнекі құралдар жетісе бермейді. Барының өзі сонау Кеңес Одағы кезінде жасалған. Мұндай жағдайда әскер қатарында болған мұғалім практикалық тұрғыда өзінің әскерде көргенін үйретуге тырысады. Сондықтан бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне спортшы болып қана қоймай, жан-жақты білімді де болу маңызды».
Бұрынғыдай бес күндік дала жиыны өтпейді…
Жоғары сынып оқушылары үшін далалық оқу-жаттығу жиындарының маңызы өте зор. Олар жыл бойы алған білімдері мен әскери дайындықтарын сол жерде паш ететін. Бірақ, соңғы 4-5 жыл көлемінде мұндай оқу-жаттығу жиындары өткізілмейтін болды.
– Бес күндік дала жиыны мектептерде өтілетіндіктен, оқушылар оқу бағдарламасында көзделген ішкі тәртіп ережелерін толық меңгере алмайды. Калашников автоматынан бастапқы ату жаттығулары да орындалмайды. Бір сөзбен айтқанда, оқу-жаттығу жиындары талапқа сай өтілмейді. Бұрын мұндай жиындарға оқушылар үлкен дайындықпен келетін. Таңертең ерте сапқа тұрып, тап бір өздерін әскерде жүргендей сезінетін. Міне, 4-5 жыл болды, дала жиынын өткізу тоқтап қалды. Себебін сұрастырсақ, қаржы жоқ дегенге саяды. Оқушылардың әскери дайындығын бағамдау үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізетін арнайы лагерь қажет екенін көптен бері айтып жүрміз. Дала жиындары осындай арнайы лагерьлерде ұйымдастырылса, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары оянар еді, – дейді Қайрат Әбдірақымұлы.
Бұл – біз көтерген мәселенің екі-үш қыры ғана. Негізгі себеп, отбасындағы тәрбие мен идеологиялық жұмыстардың кемшіндігінде жатыр. Осыдан 25-30 жыл бұрын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары жоғары деңгейде болатын. Қазір бұл жұмыстар біршама босаңсып кетті. Сондықтан жастарды кінәламас бұрын осы мәселелердің басын ашып, реттеп алуымыз қажет. Әйтпесе, «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл тақырыпты тағы да шиырлай беретініміз анық.
Д.Тұрсынұлы
