Қазақ халқы «мың өліп, мың тірілген» деп бекер айтылмайды. Бұл халқымыздың мыңдаған жылдар тарихында талай шарықтау және құлдырау кезеңдерін бастан кешкенін айғақтайды. Біздің жыл санауымыздан бұрын Шығыста ғұндар, Алтай тауы мен Қара теңіздің аралығындағы байтақ алқапта Сақ — Скифтер, Әмудария мен Сырдарияның бойында Қаңлылар мемлекеттері болған. Ол мемлекеттер сол дауірдегі ең дамыған, қуатты империялар болған. Адамзаттың дамуына олардың қосқан үлестері де жетерлік. Сол үш алып империяның құрамында болған тайпалар кейін Түркі қағанатының, Дешті Қыпшақтың, Шыңғысхан империясының құрамында да болды. Одан соң орталығы қазіргі Қазақстан аумағында болған Алтын орда мемлекетінің құрамынан 1450-ші жылдары Қазақ хандығы дүниеге келді. Ең бастысы, Қазақ хандығы өз тамырын ғұн, сақ, қаңлы мемлекеттерінен алып, Түркі қағанатының қарашаңырағы саналады. Сол мемлекеттер біздің жыл санауымыздан екі мың жылдай бұрын тарих сахынасына шығып, ең дамыған, қуатты мемлекеттер ретінде мемлекеттіліктің негіздерін, дәстүрлерін қалыптастырғаны әлемдік тарихтан белгілі. Бүгінгі заманда дербес мемлекеттіліктің басты белгілерінің қатарында маңыздылары саналатын Ту, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты мемлекеттік рәміздердің пайда болуы да сол кезеңдерден бастау алған.
Төртжүз жыл өмір сүрген Қазақ хандығында да осы мемлекеттік рәміздер болған. Одан соң Кеңестер Одағы құрамында жартылай бодан болған Қазақ КСР-інде де өз мемлекеттік рәміздері болды. Дегенмен бабаларымыз бүкіл Еуразия далаларын иемденіп екі мың жылдан астам уақыт бойы бірнеше алып мемлекеттерді құрғандықтан да біздің халықтың мемлекетшілдік қасиеті қанында бар. Сол себепті де ресейлік-кеңестік бодандықтар кезеңдерінде халқымыз тәуелділікке бойұсынбай жүздеген көтерілістер ұйымдастырып келген. Ақыры, 1991 жылы Қазақ халқы қантөгіссіз егемендікке қол жеткізді. Сөйтіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздігін жариялады.
Тәуелсіздікті жариялау бар да шын мәніндегі тәуелсіз мемлекет құру бар. Міне, отыз жылға жуық мерзімнен бері елімізде сол егемендікті беркітіп, тәуелсіздігімізді нақты іске асыру жолында жұмыс жасалып келеді. Ол жұмыстың маңыздыларының бірі – азаматтарымызды, оның ішінде жас ұрпақты азаттық рухында отаншыл етіп тәрбиелеу. Отаншылдық Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Сол себепті де біздің елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі бар.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Қазақстандықтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі бүкіл елімізде жыл бойы жүргізіліп, әр жылы 4-ші маусым күні мемлекеттік деңгейде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде салтанатпен мерекеленеді
Биыл Түркістан облысы өңірінде бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған қорытынды іс-шара өтті. Жүздеген адам жиналып, отаншылдықты дәріптеп, рәміздерді насихаттауға үлес қосты. Таңертең жүгіру марафонынан басталған мереке концерттік әрі рухани бағдарламаға ұласты. «Көне Сауран қалашығынан – киелі Түркістанға» атты көк байрақты автошеру ұйымдастырылды. Сонымен бірге барлық қала, аудан орталықтарында патриоттық, кітапханаларда танымдық іс-шаралар өткізілді.
Шаралардың басты мақсаты — Туымыз, Елтаңба, Әнұранымызды қастерлеп құрметтеуге шақыра отырып, Отанына,халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу. Іс-шара барысында Рәміздер тарихы туралы көптеген мағлұматтар айтылды.
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздер күні мерекесіне орай «Түркістан тарихы» музейінде «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» тақырыбында көрме ұйымдастырған болатын.
А.СЕЙДАХМЕТ.
