1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Сол күні Президент резиденциясы мен Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің алдына Мемлекеттік ту тігіліп, елтаңба ілінді.
1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. Соңынан мемлекеттік рәміздер туралы ереже 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» арнайы конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен айқындалды.
2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары — Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Көрме экспозициясына мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба, әнұран, атаулы күнге орай бірегей фото суреттер, сондай-ақ қысқаметражды деректі фильм көпшілік назарына ұсынылған болатын. Көрмеге Түркістан қала тұрғындары мен қонақтары және музей қызметкерлері қатысып, көпшілік оны тамашалаған еді.
Ал аудандарда бұл күнде жыл сайын түрлі автошерулер, көрмелер, салтанатты іс-шаралар, түрлі байқаулар мен конкурстар, жұртшылықтың салтанатты шерулері мен мерекелік көңілді демалыстары ұйымдастырылады. Білім ордаларында бір ай бойы Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға байланысты түрлі іс-шаралар шәкірттердің белсене қатысуымен жүзеге асырылады. Қалаларда халықтың мерекелік концерттерді тамашалап, арнаулы алаңдарда салтанатты іс-шараларды көріп, мерекені салтанатпен мейрамдауы болады. Міне, осындай бүкіл халықты қатыстыра отырып өткізілетін түрлі салтанатты, танымдық шаралардың арқасында жұртшылық, оның ішінде жас ұрпақ Мемлекеттік рәміздеріміз туралы мол мағлұматтар алып, оларға деген сүйіспеншілігі мен құрметі оянады. Ал ол дегеніңіз қазақстандықтардың өз Отанына сүйіспеншілігі мен патриоттығы қалыптасып, мемлекетіміздің іргетасы беки түсіп, болашағы жарқын болуына жол ашады. Осылайша жас егемен еліміз «Мың өліп, мың тірілген» Қазақ халқы мыңбірінші мәрте өлмеуі үшін мемлекеттілігінің негіздерін нығайтып, әлеуетін арттыра түсуде.
