Түркістан облысының Төлеби ауданында орналасқан «Алма Тау» спорттық базасында бокстан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Дайындық жұмыстары барысында ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылар республикалық референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Ұлттық құрама мүшелері Төлеби ауданына қарасты Ақбастау ауылындағы №760 референдум учаскесіне арнайы барып, дауыс беріп, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанда өз таңдауларын жасады.
Спортшылардың айтуынша, мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әрбір азаматтың белсенділігі ерекше маңызға ие. Сондықтан олар халықпен бірге ел болашағына жауапкершілікпен қарап, референдумға қатысуды азаматтық парыз санайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар спортшылар мұндай маңызды саяси науқанға қатысу ел бірлігі мен қоғамдық жауапкершілікті арттыратынын атап өтті. Олар жастарды да елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, мемлекет дамуына үлес қосуға шақырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында референдум учаскелері штаттық режимде жұмыс істеп, тұрғындар белсенді түрде дауыс беруде. Өңірде референдумға қатысуға барлық қажетті жағдай жасалып, дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
