Созақ ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы шеңберінде кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, оған 9 мыңға жуық тұрғын белсенді қатысты. Ауқымды экологиялық шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен жергілікті тұрғындар жұмылып, аудан аумағын абаттандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысты.
Сенбілік барысында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында 18 арнайы техника жұмылдырылып, әрбір мекеме мен ұйымға бекітілген аумақтар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде ішкі көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен арық жүйелері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, аялдамалар мен инфрақұрылым нысандары ретке келтірілді.
Тазалық шарасына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, жұмыстардың барысымен танысты. Ол жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, бірқатар мекеме қызметкерлері аудан аумағындағы «Жасыл белдеу» аймағында еңбек етті. Аталған аумақта бұған дейін отырғызылған 30 мыңнан астам көшетті күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп, 20 мыңға жуық ағаштың түптері әктелді.
Жалпы, ұйымдастырылған сенбілік аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай игі шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
