Сарыағаш ауданында қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза қала» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Ауқымды тазалық шарасына аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шермат Ибрагимов, сондай-ақ депутаттар, жастар және түрлі мекеме қызметкерлері белсене қатысты.
Акция барысында ауданға қарасты қала және ауылдық округтерде кешенді санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, аулалар ретке келтірілді. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, жаңа көшеттер отырғызылып, оларды суару жұмыстары ұйымдастырылды. Жол жиектеріндегі шөптер шабылып, аумақтардың көркі жақсартылды.
Тазалық жұмыстарын тиімді әрі жедел жүргізу мақсатында арнайы техникалар тартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Айта кетейік, мұндай экологиялық шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, өңірдің тазалығы мен көркеюіне оң әсерін тигізеді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
