Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ҚоғамСаясат

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РЕФЕРЕНДУМҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСҚАН ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан жастармен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы бұл күн ел тарихында ерекше орын алатынын атап өтіп, референдум науқанына белсенді қатысқан жастарға алғысын білдірді.

Шын мәнінде, бүгінгі күн еліміздің тарихында мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні ретінде белгіленеді. Бұл – мемлекетіміздің ең басты құжаты. Мен көптеген елдердің конституцияларымен таныстым. Біздің Конституциямыз әлемдегі үздік Ата заңдардың қатарында деп сеніммен айта аламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталып, оның әсіресе жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңартылған Ата заңда волонтерлік қызмет, ғылым мен инновация, жасанды интеллект секілді заманауи бағыттарға ерекше көңіл бөлінген.

Сонымен қатар Президент алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың да ауқымды екенін жеткізді. Оның ішінде жаз мезгілінде өтетін Парламент сайлауы маңызды саяси науқан болатынын атап өтті.

Біз ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Дегенмен алда әлі де маңызды міндеттер тұр. Жазда Парламент сайлауы өтеді. Бұл – бүкіл ел болып атқаратын жұмыс. Менің ойымша, жаңа Парламент жастардың Парламенті болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі әрі кәсіпкер Камиль Байрамов, сондай-ақ белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйлеп, референдум кезеңінде жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

Жастардың айтуынша, бір ай ішінде еліміздің әр өңірінде түрлі форматтағы 5 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылып, оған 1,5 миллионнан астам азамат қатысқан. Олар референдум аясында халықпен кездесулер өткізіп, конституциялық реформалардың маңызын түсіндіру бағытында белсенді жұмыс жүргізген.

Кездесу соңында жастар елімізде қолға алынған реформаларды қолдайтынын білдіріп, алдағы уақытта да ел дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Ұқсас жазбалар

Кентауда «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында эссе байқауы өтті

Admin

МЕМЛЕКЕТТІК МҰҚТАЖДЫҚҚА 42 УЧАСКЕ ҚАЙТАРЫЛМАҚ

Admin

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛІК КӘСІПКЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАҚ ӨНДІРЕ БАСТАДЫ

Admin