Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Жастарға идеал керек!

Әскерге барудан жалтаратын жастардың көбейгені туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бұрын сарбаз атанып, Отан қорғау ер-азамат үшін абыройлы міндет еді. Ал, қазір ше? Сананы тұрмыс билеп кетті ме, әлде жастардың бойындағы туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік азайды ма? Бәлкім, біз, үлкендер, оларға дұрыс тәрбие бермей жүрген шығармыз?
Қазіргі жастар туралы айтпас бұрын, әуелі өткенге көз жүгіртіп, ұлттық тәрбиенің ерекшелігіне тоқталып өткен жөн секілді. Қазақ ұл баланы қашан да әділдік пен қайсарлыққа тәрбиелеген. Қай халықта болсын, ер баланың тәрбиесі әкенің мойнында болған. Әке баласына сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болады. «Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөздің де түпкі мәні осы болса керек. Баршаға белгілі, ертеректе бала тәрбиесінде ата-әженің орны ерекше болатын. Әжесінің ертегісін тыңдап, аңыз-әңгімелердегі батырларға еліктеп, солардай болуды армандап өскен бала сын сағатта қолына қару алып, жауға қарсы жалғыз шабудан да тайынбайды. Ал, бүгінгі жастар әскерге барып, Отан қорғауға уақыт шығындағылары келмейді.
Әрине, жастардың бәрі осындай деуден аулақпыз. Әскерге баруға құлшыныс танытып, өз еріктерімен сұранып кетіп жатқан жастарымыз да жоқ емес. Бірақ, әскери өмірді тосырқап, лажы болса бармай қалуды көздейтін жастардың әрекетіне көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, оның астарында ұлттық идеология мен мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі жатыр. Бүгін әскери борышын өтеуден қашқан бала ертең ел басына күн туғанда қандай шешім қабылдарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Әдетте біз патриотизм туралы көп айтамыз ғой. Ал, оның мән-мағынасын терең түсіне алдық па? Асылында, патриот болу – әскери форма киіп, сарбаз болу ғана емес. Ол – Отан үшін от пен суға түсуге қашан да дайын, елі мен жерін қорғауды қастерлі парызы санайтын, мемлекеттің гүлденуіне үнемі үлес қосуға ұмтылатын азамат. Ал, бала сол деңгейге жету үшін ұлттық тәрбиеге, отбасындағы әкенің рөліне ерекше мән беруге тиіспіз. Жастардың әскерге барғысы келмеуінің бір себебі – осында.
Ер баланың тәрбиесінде өтпелі кезеңнің маңызы зор. Дәл осы кезеңде бала ересектерге қатты еліктейді. Солардай болуға ұмтылады. Кей азаматтардың темекі тартып, арақ-шарапқа үйірсек болып кетуі де сол өтпелі кезеңдегі еліктеудің салдары. Сондықтан да мұндай кезеңде балаға үлгі боларлық тұлға керек. Өкінішке қарай, қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр. Бүгінгі балалар шоумендер мен әншілерге қарап бой түзегісі келеді. Бала болмысының қыз балалардың болмысындай нәзік болып қалыптасуына осы жағдаяттардың да ықпалы аз емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында ел ертеңі балаларға үлгі боларлық насихаттау жұмыстары қолға алынса құба-құп болар еді. Бізде өз өмірін қатерге тіге отырып, ел тыныштығын қорғап жүрген сарбаздар мен полиция қызметкерлері, еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда биікке көтеріп жүрген даңқты спортшылар, ғылым саласында табысты нәтиже көрсеткен ғалымдарымыз аз емес қой. Осы азаматтар БАҚ беттерінен жиі көрінсе, жастар тәрбиесі де жөнге түсер еді.
Десек те, бала тәрбиесінде отбасының алар орны ерекше екенін естен шығармаған абзал. Ер бала ең алдымен әкенің, содан соң ұстаздың тәрбиесін бойына сіңіреді. Үйде ертегі тыңдап, үлкенге құрмет көрсетуді үйренсе, мектепте ұстаз ұлағатына құлақ түрсе, ер жеткен соң ол баланың нағыз ел азаматы атанары анық.
Гүлфаруза ӘБІШОВА,
Шу ауылдық әскери есеп столының маманы.
Созақ ауданы.

Ұқсас жазбалар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Admin

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫСҚА ТҮСТІ

Admin

ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУДЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ

Admin