Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Қапланбектегі зауыт қайта іске қосылды

Тоқсаныншы жылдары деп сөз қозғайтын кешегі нарықтық-экономикалық өтпелі кезеңде көптеген өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, есігін қара құлып күзетіп қалғаны белгілі. Біраз жыл қараусыз қалған дүниені қолды болып кетуден қорғап, талан-таражға түсіп кетуіне жол бермегендер, негізінен сол мекемеде ұзақ жыл жұмыс істеген қызметкерлер мен сол ауылдың елжанды азаматтары еді.

Өтпелі кезеңнің өткелінен басы бүтін шыққан дүниені бүгінде қайта қалпына келтіріп, елдің игілігіне жаратып жатқандар бар. Есесіне тәп-тәуір дүниенің обал-сауабынан қорықпай, азын-аулақ тиын-тебенге пұлдап жатқандар да жоқ емес. Жекеге өткеннен бергі отыз жыл бойы сақталып келіп, таяуда ғана тас-талқаны шыққан Жетісай ауданындағы шарап зауытын, міне, осындай немкеттілеу көзқарастағы басшылардың «құрбаны» болған мүліктің қатарына жатқызуға болады. Дәл сондай зауыт Сарыағаш ауданында да бар. Кезінде күллі Одаққа белгілі болған Қапланбек шарап зауыты арадағы біраз жылғы үзілістен кейін қайта іске қосылды.

Таяуда жолымыз түсіп Сарыағаш ауданына барғанымызда жаңадан іске қосылған зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстық. Өзін Нұржігіт Әліқұл деп таныстырған зауыт басшысы мұнда күніне мың шыныға дейін өнім шығатынын жеткізді.

– Бұл зауыт он шақты жыл жұмыс істемей тұрды. Бірақ жұмыс істемей тұрса да жақсы сақталған екен. Құрал-жабдықтары мен түрлі асай-мүсейлерін қолды болудан барынша сақтаған азаматтарға алғыс айтамыз. Дегенмен, бұрынғы құрылғылардың біразы ескіріп кеткендіктен, олардың орнына жаңасын алуға тура келді. Зауыт құрылтайшысы Ділдәхан Смадиярұлы бұл жобаны қаржыландыру үшін көп еңбек сіңірді. Осылайша кәсіпорынды қайта іске қосып отыр. Мамандарды да өзі даярлап, негізінен бұрын осында жұмыс істеген қызметкерлерден жаңа ұжым қалыптастырды. Баласы Серік Исабаев та бұл игі бастаманы қолдап, бүгінде жұмысты одан әрі жандандыру үшін әрекет жасап жүр. Бұйырса келесі жылдан бастап мұнда минералды ас суын шығару жоспарда бар, – деді Нұржігіт Әбдіғаппарұлы.

Екі ауысыммен жұмыс істейтін зауытта бүгінде жүзге жуық адам тұрақты жалақы алады. Бірінші ауысым сағат 8.00-15.00 аралығында, екінші ауысым сағат 15.00-22.00-ге дейін жалғасады. Жұмысшылар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.

Айналасы мұнтаздай өндіріс орнында станоктар сағаттай сартылдап жұмыс істеп тұр. Жұмысшылардың бірі залалсыздандырылған бөтелкелерді лентаға бағыттап тұрса, тағы бірі мөлдірей құйылған шараптардың аузын тығындайтын аппараттың құлағында тұр. Анадайда жұмыс істеп тұрған жігіттің жан-жағына қарауға мұршасы жоқ, дайын болған өнімнің шыққан күнін мөрлеп, бөтелкелердің сыртына белгі соғуда. Шапшаң қимылына қарап өз ісіне әбден машықтанып қалғанын аңғаруға болады. Осы тұста біз зауыт жұмысымен таныстырып жүрген басшыға тағы бір-екі сауал қойып үлгердік. Әрине, онымыз жұмысшылардың айлық жалақысының көлемі төңірегінде болды.

– Жақсы маманға төмен жалақы төлеуге болмайды деген біздің басшының берік ұстанымы бар. Еңбек әділ бағалануы керек. Өзіміз де осы салада біраз жылдан бері жұмыс істеген соң қай жұмыстың қаншалықты қиын немесе оңай екенін білеміз. Жұмысшылар еңбегіне қарай жалақысын алып жүр. Ешқандай кешіктірген емеспіз. Ең төменгі жалақының өзі 120 мыңның үстінде. Ал, жауапкершілігі жоғары, маңызы зор маман иелерінің айлық жалақысы жарты миллион теңгеге дейін жетіп жығылады. Тиісті салығын төлеп, бәрін заңды түрде атқарып жатырмыз, –  деді ол.

Кезінде күллі Одаққа мәшһүр болған зауытты қайта іске қосу да анау айтқандай қиындық тудырмаса керек. Өйткені мұнда өз саласын жетік білетін мамандар бар. Зауыт басшыларының айтуынша, қазір мұнда «Талас» шарабынан бастап «Қапланбек», «Райхан» сынды сауда белгісімен көптеген өнімдер шығады. Отандық өнімге сұраныс та жаман емес, бастапқыда тек өз еліміз аясында саудаға шығарса, бүгінде тіпті шетелдерге шығатын экспорттың көлемі де ұлғайып жатқан көрінеді. Нарық талабына сай өнімнің сыртқы көрінісін күшейту үшін қағаз қораптарын да осында шығару жоспарда бар екен.

Иә, нарықтың заңы бойынша сауда желісіндегі бос кеңістікті импорттық тауарлар басып алады. Егер өзіміздің өнімді шығармасақ, тұтынушылардың сұранысына қарай бұл кеңістікті де алыс-жақын шетелдердің тауарлары басып алатыны анық. Бірақ ол қаншалықты табиғи өнім екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, сауда саласындағы бос кеңістікті өзіміздің отандық өніммен толтырудың тиімді тұстары көп. Жылына 700-800 тоннаға дейін жүзім қабылдап, тереңірек өңдейтін зауыт осы қарқынмен жұмыс істеп тұрса, еліміздегі жүзім шаруашылығы да жандана түскен болар еді. Ендеше, біразырақ жыл «қалғып» кетіп, қайта іске қосылған өндіріс орнының жұмысына біз де сәттілік тілейміз.

 

Суреттерді түсірген Қ.ШЕРІМ.

 

 

 

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: «ЭКОБАЗАРДАҒЫ» ЖӘРМЕҢКЕДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК АРЗАН БАҒАДА САТЫЛЫП ЖАТЫР

Admin

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫНДА ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШТЕРІН АЙТТЫ

Admin

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА КЕН БАЙЫТУ КОМБИНАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Admin