Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

КЕЛЕС: ҚОС АУЫЛДЫ ЖАЛҒАЙТЫН КӨПІРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ТАЯУ

Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендерін жалғайтын көпірдің құрылысы аяқталуға таяу қалды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аталған құрылыс нысанының басына барып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Мердігермен тілдесіп, құрылыс нысанының сапасына мән беруді тапсырды.
— Ақтөбе ауылдық округі ауданымыздағы ең ірі өңірлердің бірі болып табылады. Мұнда 14 ауылда 25 мыңнан аса халық тұрады. Ал бұл көпірдің мәселесі өте өзекті болатын. Себебі ескі көпірдің аумағы тар әрі ескірген еді. Елдің талап, тілегінің арқасында жүріп жатқан құрылыс насанының сапаы талапқа сай болуы тиіс. Сонымен қатар көпір аумағына түнгі жарық шамдарын орнатуды қолға алыңыздар, — деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Келес ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-21 «Қошқарата-Бесқұбыр-Жамбыл-Жүзімдік-Жаңадәуір-А15» автомобиль жолының 39+900 шақырымындағы көпірдің ені 4,5 метрді құрайды. Ескі көпірдің жағалаулары шайылып, қауіпті жағдайға жеткен болатын. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен күре жолдың бойындағы көпірді күрделі жөндеуден өткізуге мердігер мекеме «Корпорация Береке А» ЖШС анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес күрделі жөндеуден өткізілетін көпірдің ұзындығы 54 метр, ені 14 метрге жеткізілетін болады.
Сонымен бірге, Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Көгерту ауылының тұрғындары аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтан елді мекен аумағынан жаңа мектеп салып беруге ықпал етуін сұранған болатын. Нәтижесінде өткен жылдың соңында Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Бүгін аудан әкімі құрылыс нысанының басына барып, мердігерге жұмысты мерзімінде сапалы атқаруды тапсырды.
— Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуімде мектеп мәселесі өзекті тақырыптың біріне айналды. Кездесу соңынан №38 «Көгерту» бастауыш білім беретін мектеп ғимаратын көріп, ауыл тұрғындарымен пікір алмастым. Білім нысаны 1961 жылы пайдалануға берілген екен. Расында ауылға жаңа мектеп керек екендігіне көз жеткізіп, құрылыс жұмыстарын жеделдетіп бастауға тапсырма берілді. Сіздердің жауапкершіліктеріңізде маңызды нысанның құрылысы жүруде. Себебі мұнда еліміздің ертеңі жас өрендеріміз білім алады. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, мерзімінде тапсырасыздар деп сенемін, — деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің құрылыс барысын көзден кешіру барысында құрылысшыларды жергіліктер жерден тартуға тапсырма берді. Айта кетейік, ауылдағы қазіргі білім нысанының ғимараты алғашында кәсіптік білім беру нысаны ретінде қолданылып, кейіннен ыңғайластырылған мектеп ретінде пайдаланып келінеді.
Ал, аудан аумағында тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Оқу жылының ІІІ — тоқсанында Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Жүзімдік елді мекенінің оқушылары жаңа да зәулім, заманауи құралдармен жабдықталған, арнайы сыныптары бар 300 орынды мектепке шаттана кірді. Күміс күлкісі сыңғырлаған жас өскіндер мен ғұмырын білім жолына арнап келе жатқан ұстаздар қауымы, ата-аналар қуанышты сәтке көзайым болып, мектептің ашылу салтанатын асқақ көңілмен өткерді.
Жүзімдік тұрғындары қатысқан Толағай негізгі орта мектептің ашылу салтанатында алғашқы болып аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз алды. Адамның жақсы болмағы ата-ана, ұстаз бен өмір сүрген ортасына байланысты екенін Абай бабамыз айшықтағанын, бүгінде хакім айтқан үштағанды тәрбиені нықтау өзекті екенін, осыған орай заман талабына сай білім ошақтары салынып, мектептер бой көтеріп жатқанын ерекше атады. Мұның бәрі ұлт пен ұрпақ болашағы негізінде екенін жеткізді.
Іс-шара барысында мектеп лентасын аудан әкімі Жәнібек Есенұлы, Келес аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы қиды. Іс-шараға қатысушылар оқу кабинеттерін, асханасын, спорт зал мен кітапханасын аралады.
Айта кету керек “Толағай” негізгі орта мектебінде қазіргі таңда 18 педагог, 6 қызметкер жұмыспен қамтылған. Мектептің жалпы құрылысына 300 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мектепте балалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жан басына қаржыландыру бойынша оқытылады.

Ұқсас жазбалар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ҚАДАҒАЛАДЫ

Admin

ТҮРКІСТАНДАҒЫ МЕКТЕПТЕ КҮН СӘУЛЕСІНЕН ЭНЕРГИЯ АЛАТЫН СТАНЦИЯ АШЫЛДЫ

Admin

Түркістан өңірінде тұрақты өсім бар

Admin