Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Түркістан өңірінде тұрақты өсім бар

Өткен жылы Түркістан облысында рекордтық өнім – 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 триллион теңгеден асып, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік берді. Облыстың басқа салаларында да өсу динамикасы байқалады. Орталық коммуникациялық қызмет Түркістан облысының 2023 жылғы дамуы туралы еліміздің өңірлерімен бірлесіп қолға алған жобаның кезекті материалын оқырман назарына ұсынады.
Негізгі экономикалық көрсеткіштер
Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейту бойынша іргелі жоспарлар әзірленген.
Өнеркәсіп өнімінің 2023 жылғы көлемі қазірдің өзінде 758 миллиард теңгені құрады. Өсім негізінен сүт және тоқыма өнімдерін дайындаудан, сондай-ақ, электр жабдықтарын өндіру есебінен болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеден асты.
Бұл ретте, 2023 жылы облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1,4 есеге артты. 194 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. 2023 жылы оның 39-ы іске қосылды.
Өңдеу өнеркәсібіне тиесілі кәсіпорындар да даму үстінде. Тоқыма өндірісі 160,2%-ға, кокс пен мұнай өнімдері 119,7%-ға, басқа да металл емес минералды өнімдер 114,1%-ға, машина жасау – 111,2%-ға және жиһаз өндірісі 140,3%-ға өсті.
Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінде 594 жұмыс орны құрылатын, жалпы сомасы 30,2 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылды.
Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы ахуал қалыптасқан. Өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға көбейіп, барлығы 213 мыңды құрады. Жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаржының өнімі өндірілді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары кәсіпорын табысының өсуіне тиімді әсер етуде. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 2023 жылдың 10 айында бизнес субъектілері 21,3 миллиард теңге жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығымен (48,3%), сауда-саттықпен (23,3%), туризммен (20,3%) және өнеркәсіппен (6%) айналысады.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды салаларының бірі
Жыл басынан бері салаға 88,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Өңірдегі АӨК-ні дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 га алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір жерден жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.
Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 гектарға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып, шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинады. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде  ғана болатын.
Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетті. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарлануда. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды.
Облыс халқының 80%-ы ауылды жерлерде тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін нақты көмекке айналуда. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.
2023 жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өңдейтін кәсіпорын, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton- 2» мақта өңдеу зауыты, сондай-ақ, құс етін өндіретін құс фабрикасы, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту бар.
Білім беру және денсаулық сақтау. 
Спорт және туризм
Түркістан облысы – еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлерінің бірі. Осыған байланысты елді мекендерді балабақшалармен және мектептермен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті мәселе болып саналады.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 63 мектеп салынады. Қазіргі уақытта 29 мектептің құрылысы басталды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 9 мектеп салынуда.
Ал бүгінгі күні құрылысы аяқталған 1600 орынды 7 мектеп пайдалануға берілсе, жеке инвестициялар есебінен 17 мектеп салынды.
Мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері де толығымен шешілді.
Денсаулық сақтау саласында медициналық техникамен қамтамасыз ету деңгейі 84,21%-ды құрады.
Медициналық инфрақұрылымды жақсартуға да баса назар аударылуда. Биыл 14 нысан пайдалануға берілсе, тағы алтауының құрылысы жоспарланып отыр.
Жақын арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тағы бір маңызды жоба қолға алынады. Бұл – Сарыағаш қаласындағы перинаталдық орталығы бар заманауи медициналық кешеннің құрылысы. Бүгінгі күні нысан құрылысына арнайы жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.
Облыста спорт саласына да қолдау көрсетіледі. Бірер ай бұрын облыс аумағындағы бірегей нысан – Мұз айдыны пайдалануға берілді. Қазір ұжым жасақтауға қаржы бөлініп жатыр. Нысанның бірегейлігі – мұндай сарайдың өңірде алғаш рет салынуында. Бұл жастар үшін де, спортты жақсы көретін және белсенді өмір салтын ұстанатын барлық адамдар үшін де мол мүмкіндіктерге жол ашады.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында облыстың 16 елді мекенінде спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатынан бөлек жеке инвесторлардың қаржысы да тартылуда. Жыл басынан бері облыстың қалалары мен аудандарында жеке инвестиция есебінен 29 нысан салынып, пайдалануға берілді.
Облыста туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде туристер саны екі есеге көбейеді. Тарихи-танымдық туризм бағыты бойынша жыл басынан бері облысқа бір күндік сапармен келетін  туристер саны 868 мың адамды құрады.
Көлік және логистика, құрылыс және ТҮКШ
Көлік және логистика саласындағы маңызды оқиғалардың бірі «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысын бастау болып саналады. Жоба Қазақ-станның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған. Оны іске асыру қолданыстағы Сарыағаш–Ташкент учаскесінен жүк ағынын қайта бағыттауға, Сарыағаш стансасындағы жүктемені азайтуға және экспорттық жүктерді тасымалдауды арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде сумен, энергиямен, газбен қамту мәселелеріне де ерекше назар аударылады. 2023 жылдың соңына дейін 20 елді мекенде жаңа ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, 11 елді мекендегі тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңына дейін жергілікті билік 52 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін 63 нысанның құрылысын аяқтауды көздеген.
2023 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 250 миллиард теңгені құрады. 784 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 59 тұрғын үй тапсырылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА МЕН ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Admin

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ТЕННИСШІ ГРУЗИЯДАҒЫ ТУРНИРДЕ КҮМІС МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Admin

СТАРТОВАЛА ЭКСПЕДИЦИЯ «ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАННАН — ҰЛТ ҰЛЫСЫ ҰЛЫТАУҒА»

Admin