Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Саналы ұстаздан, сапалы шәкірт шығады

Бала тәрбиесі басты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда көтерген басты мәселелерінің бірі «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі — өте маңызды мәселе» деп атап өткен болатын. Біз бүгінде өз балаларымыздың тәрбиесіне баса мән беріп жатырмыз ба? Бүгінгі таңда балаға тәрбиені ғаламтор беріп жатқан жоқ па? Ғаламтордың дәуірі оңай шаруа емес. Ашығын айтсам қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұның соңы қасіретке алып барады. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі. Яғни, ата-ана мен ұстаз.
Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша қорғауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесінде ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептерде жастармен тәрбие жұмысы ақсап тұр.
Ғаламторларда оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі байқалады. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде үрімдей балалардың қатыгездігі жан түршіктіретінін тілге тиек ете аламын. Шынында да балаға дұрыс тәрбие беретін ол – өз отбасы, сосын – мектебі.
Хакім Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деген.
Сондықтан баланың адал азамат болып қоғамға сіңуі үшін мына үш нәрсеге назар аударуымыз қажет:
Бірінші, ата-анасына. Ата-ана бала үшін айна іспетті. Балаға берілетін тәрбие дұрыс қарым-қатынастан басталады. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді бабаларымыз. Балаға жастайынан кезең-кезеңімен лайықты тәлім-тәрбие берілуі керек. Бала ата-ананың жылулығын, қамқорлығын сезінуі тиіс. Сондай-ақ бала – әке мен ананың көлеңкесі екенін ұмытпауымыз керек. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Сәбиге туған кезінен бастап, жақсы тәрбие берілуі керек. Оларға айқай-шу, ұрыс-керіс, жанжал сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етеді. Көп жағдайда ата-аналар баласының бойынан табылған кейбір келеңсіздіктердің себебі өздерінің кінәсі екенін түсінбейді.
Атақты имам Ғазали: «Баланың тәрбиесі ата-ананың алдында таза парақ секілді, оған қалаған нәрсеңді жаза аласың», – дейді.
Ата-ана ең әуелі балаға имани тәрбие беруі керек. «Баланың ең үлкен дұшпаны кім десеңдер? Оған Алланы танытпаған, бұл дүниеде мәңгі өмір сүретіндей тәрбиелеген әке-шешесі», – деп айтқан екен.
Екінші, ұстаздарына. Халқымыз «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген. Расында да ұстаз – құрметті қызмет. Әр баланың жүрегінен орын таба білген қасиетті тұлға. Шәкіртінің бойына білім нәрін сусындатып, ақылын айтып, қателерін түзей білген ардақты ұстаздардың дәрежесі әрқашан жоғары.
Баланың тәрбиесі отбасынан басталғанымен тәрбие құндылықтарын арттыратын тағы да мектеп. Ал, мектептің жаны мен жүрегі – ұстаз. Сондықтан отбасынан кейінгі баланың тәрбиесі сыныпта, мектеп ошағында қалыптасады. Сол үшін жақсы ұстазда біріншіден, терең білім болуы тиіс. Екіншіден, үлкен жүрек болуы керек. Себебі барлық баланың еркелігін көтеріп, әрбір баланы өзіне тарта білу және оны тыңдай білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Міне, сондықтан халқымыз «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы» деп айтқан.
Үшінші, достарына. Бала айналасындағы адамдарға еліктейді. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол», – деп халқымыз тегін айтпаған. Достар мен араласатын орта бала өміріне әсері өте зор. Сондықтан баланың ортасына аса көңіл бөлген жөн. «Досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын!» деген сөз бекер айтылмаса керек. Яғни, бала жақсы ортада бойына тек жақсылықтарды жинайды. Ал жаман орта тәрбиесіне кері әсерін тигізеді сөзсіз.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік жағдай мен экономикалық табысты ескерер болсақ, кейбір ата-аналар таңнан кешке дейін жұмыста, тіпті кейбірі екі жерде жұмыс істейді. Осындай сәтте бала тәрбиесіне уақыттың болмауын алға тартуы мүмкін. Алайда мұны ұрпақ тәрбиесіне салғырттық жасауға негізгі себеп етіп сылтаурату жөн емес. Ата-баба тарихына көз жүгіртсек, небір аумалы-төкпелі, қиын-қыстау замандар мен кезеңдерді бастан кешіргенін білеміз. Ол заманда да ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалған жоқ. Иманды, ұлтжанды, білімді, батыр әрі ақыл-парасаты мол ұлт тұлғалары дүниеге келді.
Ал кейбір тепсе темір үзетін ата-аналар мемлекеттің берген жәрдемақысына масыл немесе өздері дүниеге алып келген ұрпаған алдына қалқан қылып, мемлекетке міндет қылуда. Бұндай отбасыларға көзім куә. Осындай тәрбиені көріп өскен жастардың келешегінен не күтуге болады?!
Перзидентіміз тағы бір сөзінде: « Мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн» деді.
Алайда сол бағытты жүргізетін бізде білікті ұстаздарымыз барма? Мен көпке топырақ шашқым келмейді. Құлағым есітіп, көзім көргендерді айтып отырмын. Бұл бағытта да білім саласының ақсағандығы байқалады. Ұлғатты ұстаздар білім ошағында үлгі болудың орнына өздері қырылысып, оны таспаға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеп, оқушы балалармен таласа асханада ас ішіп, олардың алдында тойын-жиынын сөз етіп, сыныпта қолындағы ұялы телефонмен қарқылдап сөйлесіп, балаларға дөрекі сөйлейтін ұстаздар да баршылық. Қазір білім саласындағы кейбір ұстаздардың өзіне тәрбие, имандылық және сабырлық керек сияқты. Балалармен сөйлесетін жүрегі жұмсақ ұстаздар кемде-кем. Бала әр пәннен беретін санасы биік ұстаздың алдына кіргенде, жақсы жағын өзіне қалдыратындай тәрбие алса деймін. Отбасында жылулық көрмеген жастарға сіздер дұрыс тәрбие бере алмасаңыздар келешек ұрпақтың болашағы не болмақ? Сонда біздің жастарымыз кімнен үлгі алуы керек?
Сөз соңында айтарым: ата-анадан алмаған тәрбиені, ұлағатты ұстаз жанарындағы жана алмай тұрған отты өздеріңіздің жүректеріңіздегі балаға деген ана махаббатарыңызды қосып, мейлінше қолға алыңыздар дегім келеді. Туралық пен тұлғалықты, бір — бірін құрметтеуді, ұстаздардың балаға деген махаббатын дәріптейтін және имани тәрбие беретін дәрістер өткізілсе деген ұсынысым бар. Өйткені бала жастық жағын мектепте кемел білім алып өткізсе, отбасында татулық пен отбасылық құндылықты сусындаса, жоғары оқу орнында адал азамат болуды үйренсе келешекте нағыз қазақтың жанашыр, көзі ашық, өз қарынын емес, елінің қамын ойлайтын жан болары сөзсіз!
Сондықтан бала тәрбиесі келгенде салғырттық танытпайық!
Б.Таласов — Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: «АЙБЫН-2023» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫ ӨТКІЗІЛДІ

Admin

ТҮРКІСТАН: АЛҒАШ РЕТ РОБОТ АРҚЫЛЫ МИҒА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ

Admin

Ту – рух пен жігердің қозғаушы күші

Admin