«Туған жерге туыңды тік» деп ата-бабамыз бекерге айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен алтын бесік ауылыңа, өз өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Дәл осындай ұранда Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округінде мектеп түлектері ауыл жұртшылығына спорт кешенін сыйға тартты. Бұған дейін ауылда қазіргі заман талабына сай спорт кешіні болмаған.
«Оңалбек Тастанбекұлы» атындағы әмбебап спорт кешенінің ашылу салтанатына округ әкімі Мейрамбек Абдумажитов пен аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, ауыл ақсақалдары мен №34 А.П.Чехов жалпы орта мектебінің әр жылғы түлектері, Оңалбек Тастанбекұлының туған-туыстары қатысты.
«Оқу жылының аяқталуы қарсаңында ел игілігіне тапсырылып отырған спорт кешенінің ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұқаралық спортты дамыту, насихаттау және өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеу мақсатында сыйға тартқан спорт кешенінде жаттыққан қара домалақ ұлдарымыздың арасынан танымал спортшылар мен атақты азаматтар шыға берсін! Бұған дейін де ауылымыздағы мектеп түлектері ақсақалдармен келісіп, медіресе салып берген болатын.
Мұндай игі іс – ауыл азаматтары арасында жақсылық жасау эстафетасы ретінде дәстүрлі түрде жалғасып келеді» деген округ әкімі жаңа ғимаратқа сый-сияпатын жасады.
Кәсіпкер Сержан Тастанбековтың игі бастамасымен бой көтерген ғимаратқа демеушілік жасаған мектеп түлектеріне ризашылығын білдірген ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлері ақ батасын беріп, алғыстарын айтты.
Тастанбеков Оңалбек Тастанбекұлы 1949 жылы 20 шілдеде ОҚО, Киров ауданы, Қызылтаң елді мекенінде өмірге келген.
1966 жылы В.П.Чкалов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы «Еңбек Қызыл Ту ордені» Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия» мамандығымен білім алады.
Алғашқы еңбек жолын 1973 жылы Киров ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» кеңшарында бастап, табысты еңбек етуінің нәтижесінде елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласындағы табысты еселеп, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен, «КСРО бойынша оныншы бесжылдықтың екпіндісі» медалімен және бірнеше дипломдармен марапатталған.
1980 – 1995 жылдары аралығында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше ірі жобаларға басшылық жасаған.
Айта кетейік, заманауи ғимаратта ауыл балалары енді спорттың күрес, бокс, ауыр атлетика және қол күресі сынды түрлерімен жаттығуларына мүмкіндік жасалып отыр. Ауыл көркіне сән берген спорттық кешенде үлкен-кіші барлық ауыл тұрғындары бірдей дене тәрбиесі және спортпен тегін айналыса алады.
