Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

ОТАНДЫ СҮЮ — РӘМІЗДЕРДІ ҚАСТЕРЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

Сонау ықылым замандардан, адам баласы құрған алғашқы мемлекеттік бірлестіктерден бастап-ақ, сол мемлекетті басқалардан ерекшелеу, халқын мемлекет сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында, жауынгерлік рух беру үшін ол мемлекеттердің белгілі дәрежеде рәміздері болған. Бүгінде мемлекеттік рәміздерге Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран кіретін болса, ерте замандардағы мемлекеттерде осылардың арасынан мемлекеттік ту бірінші пайда болып, мемлекеттің, белгілі бір қауымдастықтың елдік белгісі ретінде бағаланған. Ал, Елтаңбалар одан бірнеше ғасырлардан соң пайда болған. Әнұранға келсек, ол тіпті соңғы екі-үш ғасырда ғана ресми қолданыла бастаған рәміз түріне жатады.

Бүгінде Тәуелсіздігінің 27 жылдығына жақындаған Қазақстан Республикасының Халықаралық, дүниежүзілік ұйымдар мен мемлекеттер мойындаған өзіндік мемлекеттік рәміздері бар. Ол рәміздер халқымыздың тарихы сияқты тереңге бойлайтын нышандардан құралған. Қазақстанның аумағында ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардан бері талай ірілі-ұсақты мемлекеттіктері болған. Солардың ішінде тарихи деректерде ең алғашқыларының бірі болып саналатын Ғұн мемлекетінің туында көк түсті ту мен ортасында күннің бейнесі болса, Түркі қағанатының туында үш ұшты ақ байрақ пен оның ортасындағы бөрінің бас суреті болған. Ал, Шыңғысхан негізін қалаған алып империяның басты белгісі — Туындағы құстың бейнесі болған. Одан берідегі мемлекеттеріміздің де өзіндік Туы мен Елтаңба есебіндегі белгілері болғанын білеміз.

Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерінде де сол ата-бабаларымыздың мемлекеттерінің рәміздері көрініс тапқан. Мәселен, Қазақстанның мемлекеттік Туының түсі аспан көк, ортасында алтын түсті күннің одан төменірек қыран құстың суреттері кестеленген. Бұл рәміздеріміз қазақ халқының мемлекеттілігінің тереңнен бастау алатынын көрсетумен бірге бүгінгі қазақстандықтарды отаншылдыққа, өрлікке, мемлекетшілдікке рухтандырады.

Тәуілсіздік алғаннан кейін, яғни 1992 жылы 4 маусымда Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Ал, Тәуелсіз қазақ елінің рәміздерін бекіту бүкіл халықтық сипат алып, оны жасауға байқау жарияланған. Содан, байқау қорытындысы бойынша, тарихи, экономикалық, саяси мәнді айқын көрсететін рәміздердің үлгілері таңдалынып алынған болатын. Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән беріп, «Мемлекеттік рәміздер — бұл біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Тәуелсіздігіміздің қасиетті біріктіруші образын білдіреді»,- деген болатын

2007 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы Конституциялық заң қабылданды. Аталмыш заңға сәйкес 4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Ал, ағымдағы жылы мемлекеттік рәміздерімізге 25 жыл толып отыр.

Отаншыл рухтың бастауы Отан үшін ең қымбат дүниелерді қадірлеуден бастау алады. Ел өміріндегі  маңызды оқиғалардың барлығы дерлік мемлекеттік тумен байланысты. Ту – мемлекеттік органдар мен ұйымдарда өтетін жиындар мен салтанатты рәсімдерде, сонымен қатар, спорттық іс-шаралар кезінде көтеріліп, ұлттық аза тұту кезінде төмен түсіріледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туында 32 шашақты күн сәулесі мен самғап ұшқан дала бүркіті бейнеленген тік бұрышты көгілдір матадан жасалған. Тудың сабының тұсында ұлттық ою-өрнек тік жолақ түрінде безендірілген. Бұл қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді. Күннің, сәулелердің, өрнектің түсі алтын түсті. Ал, жалпы Мемлекеттік тудың көк түстес болуы да кездейсоқтық емес, себебі ата-бабаларымыз ежелден аспан әлемінің, тіршілік көзі судың түсін қасиет тұтып, өздерін «көк бөрінің ұрпағымыз» деп санаған. Көк түс – түрлі ұлыстар мен ұлттар мекендейтін көп ұлтты мемлекетіміздің бірлігі мен біртұтастығын бейнелесе, нұрға малынған алтын күн тыныштықты паш етіп тұрғандай. Ал, қанатын жайған қыран құс мемлекеттік билікті, кеңдік пен қырағылықты білдіреді. Тудың бір элементі ретінде қыран құстың алыну турасында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков былай деген, «Тегеурінді күші бар бүркіт болашаққа жету жолында кедергі келтіргісі келген кез келген жанға жан-жақты қарымта қайтаруға қабілетті келеді. Сонымен қатар, қыран ұзақ жасайтын биік ұшатын құс. Сондықтан, тудағы қыран құстың бейнесі Қазақстанның әлемдік өркениет биіктеріне ұмтылу идеясынан пайда болған».

Найзасыз ер болмайтындай, таңбасыз ел болмайды. Халқымыздың тарихынан, салты мен мәдениетінен сыр шертетін елтаңбамыз дөңгелек пішінді және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңыраққа айнала күн сәулесіндей тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтың бейнесе орналастырылса, жоғарғы бөлігінде 5 бұрышты көлемді жұлдыз, ал, төменгі бөлігінде ҚАЗАҚСТАН деген жазу бар. Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, «Елтаңба — толғаныстан туған дүние. Елтаңбамызда «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген философиялық ұғым негізге алынған. Мұнда бейнеленген шаңырақ – отбасының амандығы мен татутылығын білдірсе, оған айнала шаншылған уықтар өмір жалғастығының белгісі іспетті. Шаңырақтың екі жағындағы қанатты пырақтар арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын, көк бөрінің қасиетін, қыран құстың қырағылығын бойына сіңірген епті де жүйрік тұлпарлар. Жалпы, қазақ халқы жылқы малын өте киелі деп есептеген. Жесе асы, кисе киімі, мінсе көлігі болған жылқы малы қазақ халқының өмір серігі болған. Сондықтан, қазақ айтылған жерде жылқының да айтылатынын ескеріп, елтаңбаның бір элементі ретінде жылқыны алғанбыз»,-дейді.

Елтаңба президенттік резиденциядан бастап, барлық мемлекеттік органдар ғимаратында, Қазақстанның ұлттық банкінің банкноттары мен монеталарында, бағалы қағаздар мен маңызды құжаттар және мөрлерде бейнеленеді.

Ұлт болып қалыптасқан кез келген халықтың өзіндік музыкалық шығармалары  болған. Аталмыш шығармалар, қиындыққа тап болған бұқара қауымды рухтандыру мақсатында айтылған. Ол әндер тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың гимні болып есептелген. Бұл сарындағы әндер бізде де болған. Солардың бірі, һәм бірегейі «Менің Қазақстаным» әні. Атылмыш шығарма  Қазақстан КСРО құрамында болған тұста халықты жігерлендіру, намысын қайрау мақсатында өмірге келген екен. Қазақ халқының келер күнге деген сенімін арқалаған ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні бір кездері халқымыздың ресми емес гимні болды. Арада жылдар өткеннен кейін, 2006 жылдың қаңтардың 6-шы жұлдызында ҚР парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекеттік рәміздер туралы жарлыққа түзетулер енгізілді. Содан, сол жылдың қаңтарының 10 жұлдызында «Менің Қазақстаным» ресми түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны болып бікітілді. Ал, ақын Ж. Нәжімеденовтың сөзін уақыт өлшемімен үндестірген автор Нұрсұлтан Назарбаев болып бекітілді. Жаңа әнұран ең алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Ақордада Президент Н.Ә. Назарбаевтың кезекті президенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты ұлықтау рәсімінде орындалып, халықтың зор ықыласына бөленді.

Тәуелсіздігімізді қастерлеу, елдігіміздің мызғымас негізіне айналған рәміздерімізді тұмардай қасиет тұту жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанның бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған ата-баба алдындағы парызы.

Г.МАНТАЙ.

 

 

Ұқсас жазбалар

Қазақстандық топ-менеджерлерге арналған ЖИ бойынша халықаралық оқу басталды

Admin

Таңдау жасап, қаланы өзгертіңіз!

Admin

ТҮРКІСТАНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІ ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАУ ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Admin