Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, вело шеру және автошеру марафоны өткізілді, деп хабарлайды utainasy.kz.
Мерекелік іс-шарада “Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. 1992 жылы Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми түрде белгіленіп, 4 маусым – Рәміздер күні мерекесі болып бекітілді. Отансүйгіштік рух еліміздің басты нышандарын құрметтеуден басталады. Бұл орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деген болатын. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерге ұйыстыра берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі әрқашан биік болсын!”, – деп құттықтау сөзін арнаған аудан әкімінің орынбасары Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы мерекелік іс-шараға белсенді қатысқандарға алғысын білдірді.
Жалпы 100 ден аса ауыл тұрғындары велошеруге қатысты.«Қарауылтөбе» басында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада бүкіл Қазақстан бойынша 11:00-де бір мезетте Мемлекеттік ту көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды.
Іс-шараның соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының Патриоттық рухтағы әндерімен жалғасын тапты.
Сонымен бірге, Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады: «Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды тәуелсіздік идеясын санамызда орнықтыратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!
Туымыз, әнұранымыз бен елтаңбамыз – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін оның ажырамас атрибуттарының бірі. 1992 жылдың 4 маусым күні ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Атаулы күнтізбелік датада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, елтаңбасы, әнұранының музыкалық редакциясы туралы тарихи заңдарға қол қойылды.
Міне, сол уақыттан бері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күні кең көлемде атап өтіліп келеді.
Қадірлі ағайын!
Барлық жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Рәміздеріміз Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміз бен берекеміздің символы бола берсін.
Елтаңбамыз айбынымызды асырып, көк Туымыз көкте қалықтап, Әнұранымыз рухымызды асқақтата бергей.
Осы бір ерекше мереке күні отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен ырыс, береке тілеймін!», делінген құттықтауда.
