Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран. Елдігімізді айшықтайтын рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Биыл мемлекеттік рәміздерге 31 жыл толып отыр.
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұстас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.
Осы орайда, Арыс қаласындағы Тәуелсіздік стелласында тұғырлы көк байрағымыз көтеріліп, Әнұран шарықтатылды.
Шараның басты мақсаты — рәміздерді және отанды құрметтеу, патриоттық сезімді нығайту, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухта отансүйгіштікке баулу болып табылады.
Соынмен бірге, мерейлі мерекеге орай арыстықтарды қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтады: «Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер.
Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымызға шүкіршілік айтып, толқымайтын жан жоқ шығар.
Біздің тағылымды тарихымыздан сыр шертер мазмұны терең нышандарымыз кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Түптеп келгенде рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады.
Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлеу азаматтық борышы деп санаймын.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деймін.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!
Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын!
Мереке құтты болсын!», делінген мерекелік құттықтауда.
