Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде бір орталық, бір балалар және 22 ауылдық кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Осы мәдени-ағарту мекемесі 1943 жылы «Қызыл бұрыш» аталып, кітап қоры 2200 дана болған екен. Қазіргі кітап қоры 250266, оқырмандар саны 17256-ны құрайды.
2003 жылы орталық кітапханаға лингвист, ғалым Қ.Өмірәлиевтің есімі берілді. Ғалымға арналған арнайы бөлім мен кітап көрмесі ашылған.
«Коворкинг» – ағылшын тілінен аударғанда «бірлесе жұмыс істеу» деген мағына береді. 2018 жылы
Қ.Өмірәлиев атындағы аудандық орталық және балалар кітапханасында «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасы аясында «Коворкинг орталығы ашылды. Елімізде жаңадан қолға алынып жатқан жоба бойынша тұрғындар осы орталықта әңгіме-дүкен құрып, оқып-үйренеді, жеке және топталып жұмыс істейді. «Жобаның мақсаты – кітапханаға оқырмандарды, әсіресе, жастарды көптеп тартып, жиі бас қосатын орынға айналдыру» дейді мекеме басшысы. Коворкинг орталығында: кино, интернет залы, қолөнер, ағылшын бөлімдері бар. Балалар бөлімінде кіші кино залы, шахмат, шашка, қол теннисі, бөбектер алаңы жұмыс істейді. Коворкинг орталығын ашу үшін
4 миллион теңге жұмсалды. Ол кейіннен «Білім орталығы» болып, ауыстырылды, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ-нің директоры Гүлсім Дәулетбаева.
Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы және «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» бірлесіп ұйымдастырған облыстық «Фараби оқулары» байқауына Қ.Өмірәлиев атындағы орталық кітапхананың тұрақты оқырманы Жақсыбек Ерасыл Алғыс хатпен марапатталыпты. Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда өткен «Шарықта, шалқар шабытым!» атты байқауға Қазығұрттан көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана оқырмандарынан 3 үміткер қатысты. Бұл байқау «Шалқар шабытпен толғаған жырлар!», «Өшпейтұғын, өлмейтұғын әндер-ай!», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты 3 шартты қамтыды. Байқауда қазығұрттық Досқара Ақерке III орынды, Дәндібаев Сәкен, Талиев Аладин ынталандыру сыйлықтарын иеленген.
Облыстың кітапханашылары арасында өткен «Жылдың үздік іс-шаралары» атты жобаның «Жаңашылдық бағыттағы іс-шара» номинациясы бойынша Қазығұрт аудандық балалар кітапханасы дипломмен марапатталған. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Үздік оқырман отбасы» атты сайыста аудандық балалар кітапханасы Алғыс хат алыпты.
Кітапхана балалар мен ата-аналармен бірлесіп отбасылық оқу, дауыстап оқу шараларын, «Бір кі-
тап – бір сынып», «Дауыстап оқу – талпынысты ояту», «50+WEB», «Киелі мекенім» этно travel жобаларын қолға алған. Сонымен қатар «Кітапқұмарлар» клубы, «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс істейді.
Аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақтың бұлбұлы – Роза» атты әдеби кеш өтсе, Жылыбұлақ ауылдық кітапханасында «Келбет» жобасы аясында ақын Смайыл Ыбрақұлының 65 жасқа толуына орай «Ой бөліскім келеді түсінгенмен» атты сыр-сұхбат кеші өтіпті. Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген рухты ақын» атты байқау өткен. Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсын-ұлының 150 жылдығына орай «Әлемді кітап арқылы танимын» атты байқау ұйымдастырылған. Халықаралық Балаларды қорғау күнінде «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты мерекелік кеш өткен.
«Қазір адамдар әлеуметтік желіден кез келген ақпаратты ала алады. Мен осы кітапхананың 20 жылдан бері оқырманымын. Қалаған кітап, газет-журналдарды үйге оқуға аламын. Қөп жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатқан Әлия Дүйсенова, Жанар Өмірбаева, тағы басқа мамандарға алғыс айтамын» деді зейнеткер Мейіркүл Құтжанова.
«Алдағы уақытта да балалардың қызығушылығын арттыратын, шығармашылыққа, спортқа баулитын іс-шараларды ұйымдастыра береміз. Окырмандар сұранысын жүйелі түрде қадағалап отыру да басты назарда. Тынымсыз еңбек пен алға қойған мақсатқа жету жолындағы ізденіс және жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Жастар білімді болып, заманның жаңашыл көшіне ілесе білуі тиіс. Біздің мақсатымыз осы» дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ-нің директоры Гүлсім Дәулетбаева.
А.БЕРМҰХАНОВА.
