Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде облыста ауыл шаруашылығы саласында даму бар. Жыл өткен сайын өңірімізде мал саны көбейіп, тиісінше ет және сүт өнімдерінің де көлемі артуда. Халықтың табиғи өнімге қолжетімділігі артып, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің тасы өрге домалап тұр. Оңтүстік – аграрлық өңір. Елге ырыс болған бағдарлама аясында бүгінде жер-жерде ауыл шаруашылығын дамыту, өнім көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық басты міндет болып отыр. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Бағдарлама аясында әр ауылдық округ бойынша скрининг жүргізіліп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны белгіленді. Облыста пилоттық жобаға 16 аудан, 64 ауылдық округ қатысты. Бүгінгі күнге дейін егін шаруашылығын дамытуға 328 жоба бойынша 2,2 млрд. теңге, мал шаруашылығын дамыту бойынша сүт бағытына 1897 жобаға 11,2 млрд. теңге, ет бағытына 760 жобаға 4 млрд. теңге бөлінген. Ал, құс шаруашылығын дамытуға 67 жоба бойынша 334,6 млн. теңге бөлінсе, балық шаруашылығына 35 жобаға 249,6 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтауға (40 жоба), өз кәсібін ашуға (129 жобаға) 819,6 млн. теңге қаралды.
Ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру мақсатындағы 2023-2025 жылдарға арналған пилоттық жоба тұрғындардың көңілінен шықты деуге болады. Ауыл халқы өз бизнесін дамыта алады немесе кооператив құрамына қосылып, жеңілдетілген несие ала алады. Сондай- ақ, техниканы лизингке ресімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Шағын несие мерзімі – 5 жыл, бұл мерзім мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылды құрайды. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бүгінде ауыл тұрғындары бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие ала алмайды. Әлемде болып жатқан инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие ауылдағы ағайынға өте тиімді болып тұр. Аталған жоба қандай да бір өндіріс орнын ашып, оны дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Ауылда қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, әлі зейнеткерлік жасқа толмағандар, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, табысы күнкөріс деңгейінен ең төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері алуына болады.
Мәселен, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында құрамында 45 мүшесі бар «Тажитдин ата» өндірістік кооперативі құс шаруашылығымен айналысады. Ішкі нарықта әлеуметтік дүкендерді қамтып отырған мекеме бір циклде 80 мың бройлер құсын өткізген. Өндірістік кооперативтегі 23 несие алушының 115 млн. теңгесі қаржыландырылған.
Жоба аясында облыста жыл басынан бері 16,4 алаңға 328 жылыжай құрылысы жүргізілген. АӘК алушы 85 отбасы 340 адамға қысқарып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды. Ел экономикасы прогрессивті түрде дамуы үшін аталған бағдарламаның берері мол екендігі көңілге қуаныш ұялатады. Жыл қорытындысы бойынша облыста етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5714-ке, сүтті бағыттағы ірі қара малдың 22400-ге, жылқы саны 2500-ге, ұсақ мал 14286-ға көбейді. Бағдарлама алдағы жылдары да жалғасатынын ескерсек, бұл көрсеткіштер тағы да көбейері анық. Президент пәрменімен ұйымдастырылған тапсырмалардың барлығы нақты орындалар болса, еліміздегі кедейшілік деңгейі төмендеп, орта тап өкілдері көбейе түспек. Мемлекеттің негізгі тіреуші күші осы орта тап өкілдері екенін мойындауымыз керек. Әлем елдерінде шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалғандықтан, олар дамып, нығайып, мықтырақ бола түскен. Сондықтан да олардың кәсіпкерлігі кез келген дағдарысқа да, азды-көпті тоқырауларға да төтеп беруде. Кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – осы шағын және орта бизнесті көтеру арқылы қарапайым халықтың әл-ауқатына баса назар аудару болып табылады.
Қазір біздің елдің алдында тұрған жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды. Демек, ілкімді істердің нәтижесінде күн өткен сайын ауыл халқының ахуалы жақсара түседі десек, артық айтқандық емес.
А.Пайысхан
