Жетісай ауданында дала жұмыстарын атқарып жүрген 10 суарушы жұмысын аяқтай сала, бірдей жұмыс киімдерімен №239 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауына қатысты. Еңбек адамдары дауыс беру арқылы ел болашағына қатысты маңызды таңдау жасап, азаматтық белсенділіктерін білдірді. Біркелкі жұмыс киіміндегі суарушылардың учаскеге бірге келуі сайлау күніндегі ерекше көріністердің біріне айналды.
«Даладағы жұмысымызды аяқтап, бірден сайлау учаскесіне келдік. Қай жерде еңбек етсек те, ел алдындағы азаматтық міндетімізді ұмытпауымыз керек. Бүгін өз таңдауымызды жасап, дауыс беруді маңызды деп санадық. Елдің дамуы, халықтың әл-ауқаты, жастардың келешегі, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлік – баршаға ортақ мәселелер. Осындай құндылықтар төңірегінде топтасу Құрылтайдың да басты маңызын айқындайды», – деді еңбек адамдары.
Айта кетейік, Жетісай ауданында Құрылтай сайлауына барлығы 75 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 72-сі ашық, 3-еуі жабық сайлау учаскесі. Аудандағы сайлаушылар саны 102 183 адамды құрайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
