Суретші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Атабек Бекболатов Сайрам ауданындағы №563 сайлау учаскесіне келіп, тарихи кезеңдегі сайлауда өз таңдауын жасады.
«Бүгінгі өтіп жатқан сайлау арқылы қоғамның түрлі саласының өкілдері елдің өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың талап-тілегін жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл – азаматтық жауапкершілікті арттырып, ел дамуына қатысты маңызды шешімдердің қабылдануына халықтың үнін билікке жеткізуге жол ашатын қадам. Елдің болашағы – бүгінгі таңдаудан басталады. Сондықтан әр азамат өз дауысын жауапкершілікпен беріп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуы керек. Құрылтайдың жұмысы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ел үшін маңызды мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Атабек Бекболатов.
Айта кетейік, Сайрам ауданында 142 515 сайлаушы тіркелген. Азаматтардың дауыс беру үшін 89 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Сонымен қатар, аймақтағы 1 547 мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз таңдауын жасау үшін барлық жағдай жасалған.
