Қазіргі таңда білім беру жүйесін цифрландыру үдерісі аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл ретте жасанды интеллект педагогтің орнын алмастыратын жүйе емес, керісінше мұғалімнің кәсіби қызметін қолдауға және білім беру сапасын арттыруға арналған заманауи құрал ретінде қарастырылады.
Бүгінде жасанды интеллект технологиялары мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, цифрлық шешімдер педагогтерге сабаққа дайындықты оңтайландыруға, оқу материалдарын жүйелеуге, бағалау және есеп беру сияқты бірқатар әкімшілік процестерді автоматтандыруға көмектеседі.
Сонымен қатар жасанды интеллект оқушылардың үлгерімі мен білім деңгейі бойынша талдамалық деректер ұсыну арқылы әрбір баланың жеке ерекшеліктерін ескеруге жағдай жасайды. Мұндай мүмкіндіктер мұғалімдерге оқушылармен жеке жұмысты дәлірек әрі жүйелі ұйымдастыруға, білім алушылардың қажеттілігіне сәйкес оқыту тәсілдерін тиімді таңдауға ықпал етеді.
Жасанды интеллекттің тағы бір маңызды артықшылығы — педагогтің уақытын үнемдеу арқылы оның негізгі міндеттеріне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беруі. Яғни мұғалімдер шығармашылық ізденіске, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, тәрбиелік жұмыстарды күшейтуге және тұлғалық бағыттағы жұмыстарға басымдық бере алады.
Сонымен бірге педагогтің білім беру процесіндегі негізгі рөлі өзгеріссіз қалады. Мұғалім әрдайым тәлімгер, тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші және оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушы ретінде басты тұлға болып қала береді. Себебі жасанды интеллект технологиялары адами қарым-қатынас пен тәрбиелік құндылықтардың орнын алмастыра алмайды.
Сондықтан білім беру саласында жасанды интеллектіні енгізудің негізгі мақсаты — педагогтің кәсіби әлеуетін күшейту, оқу процесінің тиімділігін арттыру және әрбір оқушыға сапалы білім беруге қолайлы жағдай қалыптастыру болып табылады.
