Мемлекеттің даму деңгейі азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасынан да байқалады. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында мемлекеттік басқаруды жаңғырту, тиімділікті арттыру және цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану бағытындағы міндеттерге басымдық берілуі осы тұрғыдан маңызды.
Бүгінде мемлекеттік қызметтерді алу үшін азаматтардан артық құжат талап етпеу, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту және бюрократиялық кедергілерді азайту қажет. Әрбір мемлекеттік орган тұрғындардың мәселесін шешуге бағытталған нәтижелі жұмыс істеуі тиіс.
Түркістан облысында халық саны мен елді мекендердің географиялық ауқымын ескерсек, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуы ерекше маңызға ие. Ауыл тұрғындарының да сапалы қызметті тұрғылықты жерінен алуына жағдай жасау, цифрлық сауаттылықты арттыру және қызмет көрсету сапасын тұрақты бақылау қажет.
Меніңше, мемлекеттік басқарудағы басты өлшем – қабылданған шешімдердің саны емес, олардың азаматтардың күнделікті өміріне тигізген нақты пайдасы. Халықпен ашық диалог орнату, өтініштерге уақытылы жауап беру және әрбір мәселенің шешілуіне жауапкершілікпен қарау мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтады.
Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа қызмет ету. Ал оның сапасы азаматтардың сенімімен бағаланады.
