Республикалық референдум аясында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
Аталған учаскеде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Мұнда алғаш рет дауыс беріп жатқан 18 жасқа толған жастардан бастап, зейнеткерлерге дейін келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруде.
Жалпы, Түркістан облысындағы барлық референдум учаскелері қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына облыс бойынша 6 380 комиссия мүшесі тартылған. Комиссия мүшелерінің 97 пайызының референдум және түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізу тәжірибесі бар.
Сонымен қатар, референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында бақылаушылар дауыс беру барысын тұрақты түрде қадағалап отыр.
