Түркістан облысындағы Ордабасы тауы бөктерінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктердің бірі – Корольков қызғалдағы гүлдеп, табиғатқа ерекше көрік беруде.
Бұл өсімдік еліміздің негізінен оңтүстік аймақтарында ғана кездеседі. Биыл көктемде табиғи жағдайдың қолайлы болуының нәтижесінде қызғалдақтар көптеп өсіп, тау бөктерін қызыл және сары түсті гүлдерге бөлеп, әсем табиғи көрініс қалыптастырды.
Мамандардың айтуынша, өткен жылы құрғақшылықтың әсерінен сирек байқалған қызғалдақтар биыл табиғаттың қолайлы ылғалы мен ауа райының әсерінен жақсы өсіп шыққан. Биіктігі шамамен 6–7 сантиметр болатын бұл нәзік гүлдер топталып өсіп, тау бөктерінде табиғи кілем секілді көрініс береді.
Әсіресе Ордабасы ұлттық-тарихи мәдени қорық-музейі аумағында қызғалдақтардың көптеп гүлдеуі өңір табиғатының әсемдігін айшықтай түсуде. Бұл көрініс жергілікті тұрғындар мен табиғат сүйер қауымның қызығушылығын арттырып отыр.
Мамандар сирек кездесетін өсімдіктерді қорғаудың маңыздылығын атап өтеді. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлуға немесе зақым келтіруге заңмен тыйым салынған. Табиғи мұраны сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу – қоғамның ортақ міндеті.
Табиғаттың ерекше сыйы саналатын Корольков қызғалдағы өңірдің биоалуантүрлілігін көрсетіп қана қоймай, Түркістан облысының табиғи байлығының маңызды бөлігі болып табылады.
