Қазан айының 19-20 күндері Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласындағы Конгресс Холл кешенінде халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауы өтеді, деп хабарлайды облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған elordafocus.kz ақпараттық агенттігі.
Байқаудың мақсаты — қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, халықаралық байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайту, рухани әрі мәдени құндылықтар алмасу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру.
Байқауға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Молдова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шеркес республикасы, Бурятия, Македония, Болгария мемлекеттерінен 18-35 жас аралығындағы эстрада әншілері (15) қатысады. Байқауға қаысушы үміткерлер бірінші кезеңде қазақ композиторларының әндерін, екінші кезеңде елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқайтын болады. Өтетін уақыты: 19-20 қазан, сағат 19:00-де. Байқауды ұйымдастырушылар — Түркістан облысы әкімдігі және Түркістан облыстық мәдениет басқармасы.
Айта кетейік, байқауға байланысты баспасөз конференциясы 18 қазанда сағат 12:00-де «Алатау» медиа орталығында өтеді.
