Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 1 642 313 ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ҚАРАЛҒАН

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты- ауыл азаматтарының табысын арттырып, кәсіп бастауына мүмкіндік беру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер 2023 жылдан ниетті азаматтарға табысталды.
-Республика бойынша ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 41 пайызын құрайды. Жалпы алғанда қала халқы мен ауыл халқының табыс айырмашылығы 38 пайызды көрсетті. «Ауыл аманаты» жобасы осы үлкен олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынды. Ауыл халқының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге барымызды саламыз,- деген болатын «Ауыл аманаты» жобасының кеңсе хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиев бір сұхбатында.
2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы ауданға қарасты 4 округте өтті. Олар Шақпақ, Мичурин, Балықты, Рысқұл ауылдық округтері. Жалпы алғанда, аудан бойынша 273 азаматтан өтінім келіп түскен. Шақпақтан 23, Мичуриннен 57, Балықтыдан 93, Рысқұлдан 100. 273 өтінімнің 247-сі мақұлданып, 1 642 313 теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда 191 өтінімге 1 289 763 теңге бөлінген.
Балықты ауылдық округінен 44 өтінім- сауынды сиыр, 10 өтінім жылқы шаруашылығы, 4 өтінім құс шаруашылығы, 2 өтінім балық шаруашылығы бойынша келіп түскен. Ал, шығыс беткей Шақпақтағы 19 өтінімді мал шаруашылығы, 1 өтінімді тігін цехы, 1 өтінімді жылқы шаруашылығы құраған.
Жүнісбек Жанерке- 3 баланың ардақты анасы, бір әулеттің келісті келіні болып отырған келіншек. Үй шаруашылығын ғана ептеуден бөлек, жылқы шаруашылығын да кәсіп етуді көздеген жас ана осы бағыт бойынша өтінім береді. Көп ұзамай жобасының мақұлданғанын біліп, тиісті қаражатын қолға алған бойда 4 бас жылқыны алып, бордақылауға көшеді. Жолдасы Нұрсұлтан да еңбекке төзімді, жылқыға құмар азамат. Малдың бабын баптап, жағдайын жасау жолында таң атқаннан бастап еңбекке кіріседі.
-Бір жалақыға қарап күн көру қиын болып қалды. Аз-маз кіріс азық-түлік, шам-жарық, жылу, бала-шаға қажеттілігі, той-жиын шығынын өтеуге жете қоймайды. Ауылда жұмыс жоқ деп жата беру де қисынға келмейтін дүние. Осындай әбігері көп ауылдық өмірдің әлеуетін жақсарту мақсатында үкімет қолға алған мына жоба расымен де ауыл азаматтарына тың серпін берді. Кәсіп ашуға ниеттілер ағыла әкімдікке барып, жаңаша өмірге бет бұрды. Өмірге деген құлшынысы да артты деуге болады. Біз де осындай мүмкіндіктен айырылмай, мал бордақылау бағытында өз жобамызды ұсындық. Мақұлданып, қаражатты алдық. Қаржыны қалтаға салып, қағидатты бұзып, басқаша бағытқа жаратпай, 4 жылқыны алып, сарайға байладық. Мақсат орындалды деген осы. Үкімет те бізден осыны талап етті. Бастысы ниет қой. Алла ниетімізге қарай береді. Амандық болса, осы кәсіптің басын ұстап, қосымша табыс көзі ретінде дамытамыз деген ойымыз бар. Осы бағыт бойынша елмен етене жұмыс жасап жүрген барша азаматтарға алғысым шексіз. Ауыл көтерілсе ел көтеріледі, ел байып, қоғам өркендейді. Жақсыны ауылдан бастаған игі,- дейді отағасы Нұрсұлтан Оралов.
Аса таныстыруды, түсіндіруді қажет етпеген осы жоба көптің көңілінен бірден шыққаны, ауыл азаматтарын әжептеуір ынталандырғаны елге бесенеден белгілі дүние еді. «Отыз рулы елге» тараған жаңалықтың көші болды десек те жарасары анық. Үкімет ұсынды, ел қолдады, шарапатын халық көрді. Енді алғыс айтылып, ризашылық легі күн санап әлеужеліде де, жиын-басқосуларда да айтылып жүр. Бұл үкіметтің ауыл халқы үшін жасаған ең игі әрі ұтымды жобасы болды деп білеміз.
Бұған дейін де біз Балықты, Мичурин елді мекендеріндегі балық, құс шаруашылығын дамытып отырған жандармен тілдесіп, арнайы ақпараттар ұсынған болатынбыз. Оған әлеуметтік желіміз арқылы оқырмандарымыз оң пікір қалдырып, кәсіпкер азаматтарға жылы тілектерін жарыса жазған болатын. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген осыған ойыса айтылғандай. Кәсіптің нәсібін көрем деген ақ ниетті ауыл азаматтарына ақ жол тілеп, мол табысқа еш қиындықсыз жете берсін дегіміз келеді. Ел қолдап, мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда, отырған орнымыздан тұрып, он саусақты қимылдатып, болашақты бағамдағанымыз абзалырақ болары анық. Өйткені, өз өміріміздің болашағы- өз қолымызда екендігін әсте естен шығармағанымыз дұрыс.
А.МӘМЕТ.

Ұқсас жазбалар

ЖЫЛЫЖАЙДАН ЖЫЛЫНА 10 МЛН ТЕҢГЕ ТАБЫС ТАУЫП ОТЫР

Admin

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ АЗАМАТ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТПЕН ЕРЕКШЕ КӘСІП БАСТАҒАН

Admin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН САЙЛАУШЫЛАРДЫ ҚАРСЫ АЛДЫ

Admin