Сайрам ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті, деп хабарлайды elordafocus.kz. Рәміздер алаңында «Көк тудың желбірегені» атты іс-шарадан басталды. Аудандық мекеме-ұйым басшылары, этномәдени орталығының төрағалары мен төрайымдары, зиялы қауым өкілдері және жастар жиналған орында Мемлекеттік Әнұран аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Хасанов Бахытбек Сембекұлы аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, тәуелсіздігіміздің құндылықтарын құрметтеуге шақырды.
Алаңнан аудандық Жастар Ресурстық Орталығының жастары Мемлекеттік Туды орталық алаңға дейін автошеру өтіп, мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде мерекеге орай, іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздардың шырқаған патриоттық әндері мен орындаған ұлттық билері көпшілікті тәнті етті.
Айта кетейік, Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Хасанов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған болатын:
«Құрметті Сайрамдықтар! Сіздерді бүгінгі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Елдігімізді бейнелейтін Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын көтеріп, ұлттық нышандарын айғақтайтын айрықша қастерлі белгілер.
Мемлекет басшысы биылғы жылғы өз құттықтауында: «Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы!», — дей келе, мемлекетімізге деген құрметіміз жоғары болу керектігін атап өткен болатын.
Қадірлі аудан тұрғындары!
Әрқашанда Елтаңбамыздың еңсесі биік болып, Мемлекеттік Туымыз көк аспанда қалықтап, әсем әуенді Әнұранымыз шырқала берсін!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын!», делінген құттықтауда.
