Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Рәміздер – мемлекеттің төлқұжаты

1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданып, 1991 жылы еліміз егемендігін  алды. Өшкеніміз жанып, жоғымыз түгенделіп, шекарамыз шегенделіп, Ата Заң мен мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені мен келешегі арасындағы сабақтастықтың белгісі ретінде жас ұрпақтың жадында сақталуы тиіс.
Ендеше, рәміз сөзі және рәміздеріміздің қандай мағына беретініне тоқталып өтсек:
Рәміз – белгілі идеяны білдіретін белгі, бейне. Адамға ой-пікір туғызады. Ортақ түсінік бойынша, орақ еңбекті, таға бақытты, зәкір үмітті, лира музаны, арыстан құдіретті бейнелеген көкшіл жалау бейбітшілік рәмізі. Рәміздік белгілер ғасырлар бойы дами келе мемлекеттік рәміздерге (ту, елтаңба, гимн) айналды.
Ту – тұтастық пен бірліктің, ынтымақтың құдіретті белгісі. Ол елдік пен егемендікті дүниеге паш етіп
тұрады.
Елтаңба –  мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.
Әнұран – салтанатты ән, мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге деген шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан.
Бүкіл республика аумағында елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін ұялататын мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Жай ғана мысал, спорттық жарыстар мен Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың жеңісі кезінде мемлекетіміздің көк байрағының желбіреуі әрбір азамат үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі мен орны ерекше екені белгілі.
Өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудің түрлі жолдары қарастырылып келеді. Соның бірі – жастар, жас өрендер арасында ұлттық нақыштарымыз, рәміздерді насихаттау. Рәміз – бұл мемлекеттің төлқұжаты. Рәміздерді насихаттаудағы мақсат – әрбір жас буын жеткіншекті отансүйгіштікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы деп санайтындығы мен болашаққа деген сенімінің және отансүйгіштіктің белгісі іспеттес.
Жадыра ОРЫНБАЙ,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық  музей-қорығының таныстырушысы.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: «ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ» АТТЫ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Admin

ТҮРКІСТАН: «АЙБЫН-2023» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫ ӨТКІЗІЛДІ

Admin

ТҮРКІСТАН ӘЙГІЛІ HILTON ҚОНАҚҮЙ ЖЕЛІСІМЕН ТОЛЫҚТЫ

Admin