1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітіліп, бұл күн ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер: Көк байрақ, Елтаңба жәнеӘнұран.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеуі — парыз. Біз бүгінгі мерекеге орай көпшілікке ой салар дүниені арнайы жариялап отырмыз.
РӘMIЗДЕР – КИЕЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ
Әр халықтың қалыптасу, даму жолында өзіне тән ерекшеліктері, қасиет тұтып ардақтайтын киелі құндылықтары бар. Ол тарихи құндылықтарға дақ түсірмей күтіп ұстау, түпкі мән-мағынасын зерделеп жарыққа шығару, жастарға ұдайы насихаттау қай мемлекетте болмасын маңызды мәселелердің біріне айналғаны мәлім.
Атақты Шоқан Уәлиханов та «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді», – депті. Халқымызда: «киіктің де киесі бар», «иттің – иесі болса, қасқырдың – тәңірі бар» деген мақал-мәтел бар. «Қазақ энциклопедиясында»: «Кие – қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің қасиеттілігін, жоғары тылсым күшін білдіретін ұғым», – деп жазыпты. Ендеше ол санаға ертеден сіңіп, қалыптасып қалғандықты білдіреді.
Елбасы жариялаған «Рухани жаңғырудың» мәнісін әлі күнге «түсіне алмай», дұрысы, ұғына алмай отырған жандардың арамызда әлі де кезігуін – рухани жаңғыруды қолдаудан бас тартуы болмаса, «қасақана кедергі келтіру» тәрізді көрінеді екен.
Отанға, елге деген құрмет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Әнұран және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол әркім ойына келгенді істейтін қолжаулық емес. Ол елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Ол бүгіннің ғана тапсырмасы емес, ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат. Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ол азаматтың бойында мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты.
Мұны не үшін еске салып отырмыз? Қазақта киелі ұғымға, қасиетті құндылықтарға ешкімнің қолын сұққызбаған. Оған саусақ ұшы тұрмақ, тіл тигізбеген. Демек, Елтаңба, Әнұран және Туымызды құрметтеуіміз – сол құндылықтарды ешкімнің өз пайдасы үшін өзге мақсатқа қолдануына жол берілмейді. Өзгелердің түсінігінде бәлкім, оны символдық белгі, бейне, сурет ретінде қарастырып, өңін айналдырып, оңай олжа іздеуі де мүмкін. Бірақ, ол мақсатын кез-келген «қарапайым өнер шығармасынан» іздеп «көшіріп басып» ептеп-септеп өңдегенсіп «кәдесіне жаратса» оны бәлкім, заң жүзінде «плагиат» деп қарастыруға болар. (Плагиат (лат. plaqіo – ұрлау, ұрлық) — басқа aвтордың әдеби немесе ғылыми туындысын иемдену, шығарма үзінділерін өз еңбегінде авторын көрсетпей пайдалану.(«Қазіргі заман ұғымдарымен терминдерінің қысқаша түсіндірме сөздігі». Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001ж.). «Плагиаттық жасап, басқа біреудің шығармасын иемденіп, еңбегін пайдаланған адам авторлық құқықты бұзғаны үшін заң алдында жауапқа тартылады». («Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ж.).
Рәміздерге, «Елтаңбаға» қатысты мәселелер әлгі айтылғандардан да жоғары тұратын, елдік мәселе. Ата Заңымыздың 34 бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәмізін құрметтеуге міндетті» деп анық жазылған. Бұл Ата заңда «идеяны ұрлауына, кейбір элеметтерді жымқырып, өзге мақсатта ептеген өзгерістерді енгізуіне, өз шығармашылығында өңін айналдырып қолдануға болады» деген қосымша түзетулер жоқ.
Ендеше, елдік құндылық – елдік құндылық қалпында еш өзгеріссіз қалуға тиіс. Оған түзетулер мемлекеттік деңгейде ғана қарастырылмақ.
Осы ретте, Мемлекеттік Елтаңбадағы қасиетті қара шаңырақты «Өлімнен де күшті» монументінің сұлбасын салуы, «Қазақстанды» деген жазуды «Семей қаласы» деп алмастыруы, т.б. іс-қимылдарының астары ұғымға ауыр тиіп отыр. Біздің елдің, саясатымыздың бағытын өзгертіп жіберуден сақ болайық! Біз бейбітшілікті аңсаған елміз, есіңізде болсын!
Біздің елдің ұстанымы – яғни Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылумен шешілген. Елбасы ол жайында өткен жылы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды. …Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім», – деп жазған сөз астарын семейдегі ішкі саясат бөліміндегі жауапты азаматтар енді түсінген болар деп сенемін. Қателіктен сабақ алып, түзете білу де азаматтық.
Елтаңбаға қатысты оң пікір білдіріп, елдік намыс жайлы сөз қозғаған азаматарға Семейлік басшылардың қысым көрсетулері де құптарлық жай емес. Бұл мәселені жалпы қалың жұртшылыққа кеңінен таратудың өзгелерге сабақ болары анық. Сондықтан,бүгінгі мереке күні рәміздердің киелі құндылық екенін естеріңізге салып,оны қастерлеу баршамызға парыз дегім келеді.
Тоғанбай қажы Құлманұлы
