Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс саласы мен коммуналдық инфрақұрылым бойынша жұмысы үш негізгі бағытқа негізделеді: Суды көп пайдаланатын ірі кәсіпорындарды қайта өңделген суды тұтынуға көшіру. Бұл міндетті іске асыру үшін халықаралық тәжірибе мен қолжетімді технологиялар зерделеніп, суды көп тұтынатын ірі кәсіпорындарға түгендеу жүргізіледі және заңнамаға қажетті өзгерістер әзірленеді. Ауылдарды сумен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда халықты ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Ендігі міндеттер – судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын сақтау және салынған нысандарды орнықты пайдалану. Осы міндеттерді атқару үшін жергілікті атқарушы органдар ауылдық сумен жабдықтау жүйелеріне түгендеу жүргізіп, су беру барысында үзілістер әлі де орын алатын елді мекендер мен нысандарды анықтайды.
