Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША ЭКЗИТ-ПОЛЛ НӘТИЖЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл нәтижелерімен танысып, мәлімдеме жасады. Бұл туралы «Қазмедиа орталығының» студиясында өткен брифингте айтылды.

Президент өз сөзінде 2026 жылғы 16 наурыз Қазақстан тарихындағы маңызды күндердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысып, мемлекет болашағына қатысты тарихи таңдау жасаған.

Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн. Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап, өз таңдауларын жасады. Бұл – аса маңызды оқиға. Қазір ғана экзит-полл нәтижелері жарияланды. Соған сәйкес халқымыз түбегейлі тарихи шешім қабылдады. Мен барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін халық дауыс беру арқылы еліміздің тарихы мен тағдырына қатысты маңызды қадам жасады. Бұл шешім ел тарихында мәңгі сақталады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, дауыс беру процесі ашық әрі әділ өткенін айтты. Оның сөзінше, саяси науқан барысында барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар толық сақталған. Мұны отандық және халықаралық байқаушылар да растаған.

Президент азаматтардың жасаған таңдауының түпкілікті қорытындысын заң талаптарына сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми түрде жариялайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бұл саяси науқан барысында жоғары азаматтық белсенділік танытқанын атап өтті.

Қазірдің өзінде Қазақстан халқы бірлік пен ынтымақтың, патриотизмнің және ел тағдырына деген ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті деп сеніммен айтуға болады. Азаматтардың басым бөлігі өркендеу, әділет, заң мен тәртіп, табиғатты аялау және тазалық жолын таңдады. Бұл – еліміздің жаңару мен жаңғыруға бағытталған дұрыс таңдауы, – деді Президент.

Мемлекет басшысы референдум барысында дауыс берушілер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қазақстандықтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Учаскелерге келіп, өз азаматтық ұстанымын білдірген барша азаматқа алғыс айтамын. Осы арқылы біз бүкіл әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін көрсеттік. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Бірлік бар жерде – өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен еңбекқорлық қажет. Сонда ғана озық, дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекет бола аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, референдум нәтижесінде қабылданатын жаңа Халық Конституциясы Қазақстанның дамуына тың серпін беріп, елдің тұрақты әрі табысты болашағына жол ашады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы енді жыл сайын 15 наурыз Конституция күні ретінде аталып өтетінін атап өтті.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: ХАН ОРДАСЫ

Admin

ТҮРКІСТАН: 2026 ЖЫЛЫ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛЕДІ

Admin

ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІНДЕРДІ ТАРҚАТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Admin