Елімізде өтіп жатқан республикалық референдум аясында Отырар ауданында мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің маңында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, тұрғындар белсенді қатысуда.
Шара барысында дауыс беруге келген азаматтар қазақтың дәстүрлі ойындары – ләңгі тебу, арқан тарту және асық ату бойынша өзара бақ сынады. Ұлттық ойындарға жастармен қатар аға буын өкілдері де қатысып, ерекше мерекелік атмосфера қалыптасты.
Қатысушылар ептілік пен шапшаңдықтарын көрсетіп, ұлттық спорттың маңызын дәріптеді. Сайыс соңында үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Мұндай мәдени-спорттық шаралар тұрғындардың референдумға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастарды салт-дәстүрді құрметтеуге баулуға ықпал етеді. Жалпы, Отырар ауданында референдум учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеп, тұрғындар маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда.
