Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі

Жас буынға патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Еліміздің өз алдына дербес мемлекет екенін айғақтайтын, қазақ халқының дарқандығы мен кеңдігін бейнелейтін төл нышандарды құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, жоғары азаматтығымыздың көрінісі. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің рөлі ерекше. 
Мемлекеттік рәміздер – бүкіл әлемде елдің тәуелсіздігін, халықтың патриотизмін, батырлығы мен даналығын, жарқын болашаққа ұмтылысын айғақтайды. Ол – мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың бейнесі. Сондықтан әрбір азамат мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісінде рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын құрметтеуді азаматтық парызым деп білуі тиіс.
Елімізде жыл сайын осы мерекені атап өту айнымас дәстүрге айналған. Тәуелсіздік құндылықтары – Мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы адам бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Рәміздердің шығу тарихы мен бейнелерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Менің туым», «Біз біргеміз», «Менің елім – Қазақстан»  деген тақырыптарда бейнероликтер түсіріліп, ол әлеуметтік парақшаларда жарияланады. Мұның өзі көпэтносты  ел тұрғындарының бірлігін нығайтуға, өскелең ұрпақтың патриоттық санасын жаңғыртуға ықпалын тигізеді.
Өз өмірімде болып жатқан өзгерістерді де сіздермен бөліскім келеді. Былтыр жасым 18-ге толғаннан кейін, сәуір айында Түркістан облысы делегациясының құрамында Астанада өткен  Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысқаным естен кетпейді. Бұған мен де, ата-анам да қатты қуандық. Өйткені мен ауылдан шыққан қарапайым қызбын, кенеттен жоғары лауазымды тұлғалардың қатарында тұрып еліміздің мемлекеттік Әнұранын бірге шырқадық. Сонымен қатар мен  «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық өкілдігінің жетекшісі болып тағайындалдым. Бұл да өзім күтпеген тосын сый.
Мен өмірді, адамдарды және түрлі ұлт өкілдерінен құралған туған ауылымды өте жақсы көремін. Мұнда барлығы өз халқының және ауылдастарының дәстүрлерін құрметтейді. Енді менде де өз Отаныма барынша көп пайда әкелетін мүмкіндіктер туды, соған қуанамын.
Елдің біртұтастығы мен тыныштығына тұтқа болған айтулы күнді атап өтіп жүргенімізге биыл 31 жыл толды. Барша Қазақстан халқына мереке құтты болсын дегім келеді. Ел рәміздеріне деген көзқарасымыз бен құрметіміз бәрінен биік болсын! Еліміз мәңгі жасап, көк туымыз әрқашан желбірей берсін!
Индира-Раван НАХЧИВАНИ,
«Арыстанбаб» жоғары колледжінің 4-курс студенті,
  «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық 
өкілдігінің жетекшісі.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ТІГІН ШЕБЕРХАНАСЫН АШҚАН

Admin

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Admin

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАЛЫҚ КӘСІПКЕР КОНДИТЕР ӨНІМДЕРІНЕН АЙЫНА 1 МЛН ТЕҢГЕ ТАБЫС ТАБАДЫ

Admin