Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы соңғы жылдары жаңа мазмұнмен толығып, мерекені ұйымдастырудың заманауи үлгісі қалыптасып келеді. Бұл модель ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге негізделген. Мұндай тәсіл мәдени мұраны жаңа форматта танытуға, қоғамды инновациялық жобаларға тартуға және ұлттық бірегейлікті жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Наурызнама онкүндігі аясында еліміздің барлық өңірлерінде 7 мыңнан астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Он күнге созылған мерекелік бағдарламаларға жалпы 4,2 миллионнан астам адам қатысып, оның ішінде негізгі мерекелік күндері – 21–22 наурыз аралығында шамамен 1,5 миллион тұрғын мен қонақ қамтылды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы онлайн кеңістіктегі қамту көлемі 14 миллионнан астам пайдаланушыға жетті.
Мерекелік бағдарламаларда цифрлық форматқа ерекше назар аударылды. Digital Nauryz бастамасы аясында 1 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, бірыңғай цифрлық платформаға 80 мыңнан астам белсенді қолданушы тартылды. Бұл бастама дәстүрлі мәдени құндылықтарды жаңа технологиялар арқылы кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Жаңа форматтың маңызды элементтерінің бірі – «цифрлық киіз үйлер». Мұнда ұлттық мәдениет заманауи технологиялар арқылы таныстырылды. LED-контент, VR-аймақтар, жасанды интеллектке негізделген жобалар, 3D-принтерлер мен түрлі интерактивті шешімдер келушілерге ерекше әсер сыйлады. Осындай цифрлық форматтар музейлерде, театрларда және қоғамдық кеңістіктерде де қолданылып, видео-аватарлар, LED-туннельдер және мультимедиялық инсталляциялар орнатылды.
Бірқатар өңірлерде бұқаралық іс-шараларда бұрын қолданылмаған технологиялық шешімдер де жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ұлттық тағамдарды дрондар арқылы жеткізу, роботтандырылған ұлттық ойындар, соның ішінде робот-көкпар, сондай-ақ интерактивті жасанды интеллект аймақтары көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар білім беру және IT бағыты да белсенді дамыды. Мерекелік бағдарлама аясында AI Nauryz, RoboShanyraq, хакатондар, стартап-питчингтер, IT-форумдар және түрлі технологиялық байқаулар ұйымдастырылды. Drone Lab Nauryz жобасы мен Baursaq Pitch стартаптар байқауы өткізілді. Жастарға арналған білім беру бастамалары да іске асырылып, AI Bootcamp, GameDev-хакатондар және «Robot күресі» робототехника турнирлері ұйымдастырылды.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – жоғары оқу орындары, музейлер және IT-хабтар арасындағы серіктестікті дамыту. Бұл әріптестік мәдени ортаға цифрлық форматтарды енгізуге және жастардың технологиялық құзыреттерін арттыруға мүмкіндік берді.
Жаңа модельді жүзеге асыруда өңірлердің де үлесі зор болды. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында жасанды интеллект аймақтары, VR-кеңістіктер мен роботтандырылған шешімдер ұсынылған ауқымды технологиялық алаңдар ұйымдастырылды. Ал Шымкент қаласында IT-қоғамдастықты дамытуға бағытталған digital-meetup кездесулері мен технологиялық фестивальдер өтті.
Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде де жаңа форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында «цифрлық киіз үйлер» жұмыс істесе, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жасанды интеллектке арналған воркшоптар мен хакатондар өткізілді. Ақтөбе облысында мәдени және технологиялық бағыттағы іс-шаралар ондаған мың адамды қамтыса, Алматы облысында онкүндік мерекелік бағдарламаларға қатысушылар саны жарты миллионнан асты.
Осылайша, Қазақстандағы Наурыз мерекесі дәстүрлі мереке шеңберінен шығып, мәдениет, технология және қоғамды біріктіретін ауқымды алаңға айналып келеді. Жаңа формат ұлттық дәстүрлердің сақталып қана қоймай, цифрлық дәуір талаптарына бейімделе отырып, әрі қарай дамуына жол ашатынын көрсетеді.
