Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ

Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 32 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 31 жыл.
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 31 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға жетісай ауданының әкімі арнайы қатысты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған elordafocus.kz.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 31 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарада қонақтар хормен Әнұранымызды шырқап, бір-бірін мерекемен құттықтады. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонан соң ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен бастау алған велошеру арқылы бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды ұстап, көшелерді аралады. Тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Тұғыры берік Туымызды, айбыны асқақ Әнұранымызды, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихынан сыр шертетін Елтаңбамызды қастерлеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті әрі парызы.
Бүгінгі өткізілген іс-шараның өскелең ұрпақтың бойындағы тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеп, молайтуда өз септігін тигізері даусыз.

Айта кетейік, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жетісайлықтарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады: «Құрметті отандастар! Сіздерді «4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен» шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан тура 31 жыл бұрын 1992 жылы маусымның 4 жұлдызы тарихымыздың алтын беттерінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні» қабылданған ерекше күн ретінде тіркелді.
Егеменді еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы мемлекеттік рәміздеріміз болған қыран бейнелі көк туымыз, береке мен бірліктің символы іспеттес шырайлы шаңырақ дара елтаңбамыз қабылданып, сол жылдың 11 желтоқсанында өткені мен бүгінін, ата-баба ерліктері мен аманатының үнін сезіндірер айбарлы Әнұранымыз бекітілді.
Бүгінде мемлекеттік символдарымыз қиырда жүрген әрбір отандастарымыз мақтан тұтатын еркіндік пен егемендіктің бойтұмарына айналса, сол жылдары мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба – тәуелсіздік пен егемендіктің нышаны, нақты заттық белгілері болды.
Бейбіт аспан астында мәңгі желбіреген көк байрағымыз мемлекетіміздің ниет-тілегінің тазалығын көрсетсе, нұрын шашқан алтын күн күллі тіршілік атаулысына жылулық сыйлап, байлық пен бейбітшілікті бейнелейді. Қанатын кеңге жайған қыран құс халқымыздың еркіндік сүйгіш асқақ рухы мен айбарын сипаттап тұр. Алтын қанатты қос тұлпар арасындағы шаңырақ – бірліктің бейнесі ретінде елімізде мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ қонысы екендігін білдіреді.
Тәуелсіздіктің тұмарына айналған рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың парызы.
Қадірлі жерлестер!
Айтулы мерекеде баршаңызға бақыт, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ашық аспан тілеймін! Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы биіктен желбіреп, мәртебесі одан әрі арта берсін!», деді ол.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫСТЫҚ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2023» ҰЛТТЫҚ КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Admin

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 700 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Admin

ТҮРКІСТАНДА ЖАС СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Admin