Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

АРЫСТА ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА БАТА БЕРУДЕН БАЙҚАУ ӨТТІ

Бүгін Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округіндегі С.Ерубаев мектебі мен қалалық Ардагерлер кеңесі орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында патриотизм сезімін арттыруды насихаттау мақсатында «Батаменен ел көгерер» атты оқушылар арасында бата беру байқауы өтті, деп хабарлайды elordafocus.kz.
Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, Отаншылдықты, елжандылықты дарыту-қазіргі кезде көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзі Отан десек, оның мазмұны туған жер, ұлттық тіл, ұлттық дәстүр, олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерін ұялатып, ізгі ерлік істер қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы десек болады.
Осынау ұлттық құндылық ұлықталған тағылымды іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл мен ардагерлер қатысты.
Өнегесі мол шарада сөз алған шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы мұндай ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, бата беруді дәріптейтін шараның жастарға берер өнегесі мен тәлімдік мәні өте жоғары екендігіне тоқталды.
«Біз осындай шаралар арқылы – ақсақалдар аузынан шыққан аталы сөзді насихаттаймыз. Бұдан бөлек, маржан сөздермен толысқан баталардың астарында да ана тілімізге деген үлкен құрмет жатыр,» — деді қала әкімі.
Одан кейін, жас ұрпақты ізгілікке, бірлікке шақыруда маңызы зор шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан қарияларға Алғыс хат табыс етті.
Жиында қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Төрегелдіұлы мен бірқатар құрметті азаматтар да сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді.
Ата салтын ардақтап, дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған шарада С.Ерубаев мектебінің ұстаздары Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасынан әсерлі етіп үзінді көрсетіп, көрермендер қошеметіне ие болды.
Әрі қарай, екі кезеңнен тұратын байқау басталды. 15 мектеп оқушысы сайыста салиқалы сөз саптап, үлкендерден көргенін үлгі етті. Сүйінші хабарға, жолға шыққанда, ас қайырғанда айтылатын тілек түріндегі баталарды балалар жатқа айтып, қошеметке ие болды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, жеңімпаздар мен қатысушыларға қала әкімінің дипломымен марапатталды.
Жиын соңы құрметті ақсақалдардың ақ батасымен аяқталды.

 

Ұқсас жазбалар

ПАРАСАТТЫЛЫҚ – АДАМ БОЙЫНДАҒЫ ІЗГІ ҚАСИЕТ

Admin

Алматы: Shymbulak курорты жаңа маусымға дайын

Admin

«БАСИЕСІЗ ЕЛДІҢ ИТІ ОСЫРАҚ» ДЕГЕН ОСЫ ЕМЕС ПЕ?

Admin