Ұлттық қор қаражаты инфрақұрылымды дамытуға бағытталады
EU Reporter жарияланымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған үш жылдық «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі бағыттары сөз болады. Бағдарлама аясында мұнай кірістері жинақталатын Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Қаражат мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен автомобиль жолдарын салуға жұмсалады.
Басылым Қазақстанда инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі халық санының өсуімен де байланысты екенін атап өтеді. Соңғы жеті жылда ел тұрғындарының саны 2 миллионнан астам адамға артқан. Қалалар кеңейіп, жаңа тұрғын аудандары пайда болған сайын білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне сұраныс та көбейіп келеді. Әсіресе, халық тығыз қоныстанған елді мекендерде қолданыстағы инфрақұрылым тұрғындардың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Мақала авторының пайымдауынша, мұндай жағдайда құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын кейінге қалдыру болашақта шешілуі тиіс мәселелерді күрделендіре түседі. Сондықтан Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін әлеуметтік нысандар салуға бағыттау ұзақмерзімді дамуға негіз қалайды. Бұл ретте мемлекет келешек ұрпаққа қаржылық жинақпен қатар, күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды да қалдыра алады.
Халықаралық тәжірибе нені көрсетеді?
EU Reporter Қазақстанның бастамасын өзге мемлекеттердің тәжірибесімен салыстырады. Атап айтқанда, Индонезияның білім беру саласына салған инвестициясы мысал ретінде келтірілген. Бұл елде мектептер желісін кеңейту балалардың білім алу мүмкіндігін арттырған.
Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Эстер Дюфлоның зерттеуінде әрбір 1000 балаға шаққанда қосымша салынған бір мектеп білім деңгейін көтеріп, кейін олардың ересек жастағы табысын 1,5–2,7%-ға арттырғаны көрсетілген. Басылым бұл тәжірибені білім беру инфрақұрылымына салынған инвестицияның ұзақмерзімді қайтарымын дәлелдейтін мысал ретінде ұсынады.
Тағы бір мысал – Норвегия. Бұл елдің бюджет қағидаларына сәйкес, мемлекеттік шығыстарды ұлттық қордың күтілетін нақты инвестициялық кірістілігі шегінде қаржыландыруға болады. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 3%-ды құрайды.
Мақалада экономист Теренс Хоның Сингапурдың The Straits Times басылымында жарияланған Қазақстандағы балаларға арналған жинақ шоттары туралы материалы да аталады. Автор бұл бастаманы мұнай кірісінің бір бөлігін өскелең ұрпақтың болашағына бағыттау тетігі ретінде қарастырған. Ал «Халықтық құрылыс» бағдарламасы осы мақсатқа басқа жолмен қол жеткізуді көздейді: табиғи ресурстардан түсетін кірістің бір бөлігі бірнеше ұрпақ пайдаланатын қоғамдық нысандардың құрылысына жұмсалады.
Әлеуметтік инвестициялардың нәтижесі қандай?
Шетелдік басылым жаңа бағдарламаны Қазақстанның бұған дейінгі мемлекеттік инвестициялық саясатының жалғасы ретінде бағалайды. Соңғы жеті жылда елдің әлеуметтік салаларына шамамен 88 трлн теңге бөлінген. Оның 33,2 трлн теңгесі білім беруге, 15,5 трлн теңгесі денсаулық сақтау саласына бағытталған.
Осы кезеңде қалалар мен ауылдық елді мекендерде мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салынды. Ал «Халықтық құрылыс» бағдарламасының алғашқы кезеңінде жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданған. Олар білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін, мәдениет пен спорт нысандарын, инженерлік желілер мен жолдарды қамтиды.
Мақалада мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін тек салынған ғимараттар мен пайдалануға берілген нысандардың санымен өлшеу жеткіліксіз екені де айтылады. Ең маңыздысы – халықтың сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуі, өмір сүру жағдайының жақсаруы. Мұның бәрі адам капиталын дамытуға, еңбек өнімділігі мен азаматтардың табысын арттыруға ықпал етеді.
Бұл тұжырымды халықаралық ұйымдардың деректері де толықтыра түседі. БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасына сәйкес, Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың ішінде 60-орынға ие болған. Елдің көрсеткіші – 0,837. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катажина Ваверня елдің өмір сүру деңгейі, адами даму және цифрлық трансформация бағыттарында нақты ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өткен.
Ал UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасында Орталық Азия халқының жартысынан астамы 30 жасқа толмағаны көрсетілген. Ұйымның бағалауынша, балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестиция салу 2050 жылға қарай өңірдегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін базалық болжаммен салыстырғанда 6–14%-ға арттыруы мүмкін.
Инфрақұрылымға салынған инвестицияның ұзақмерзімді қайтарымы
EU Reporter жарияланымында денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге де назар аударылған. Қазақстанда медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру өлім-жітім деңгейінің төмендеуіне және өмір сүру ұзақтығының өсуіне ықпал еткен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 76 жасқа жуықтап, ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Басылым авторы Қазақстанның тәжірибесін табиғи ресурстардан түсетін кірісті ұзақмерзімді қоғамдық игілікке айналдырудың бір жолы ретінде қарастырады. Оның пікірінше, ұлттық жинақтың бір бөлігін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына бағыттау халыққа бірнеше онжылдық бойы пайда әкелуі мүмкін.
Мектептер мен ауруханалар, жолдар мен көпірлер – тек бүгінгі қажеттілікті өтейтін нысандар емес. Олар келешек ұрпақтың білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне және экономикалық мүмкіндіктерінің кеңеюіне жағдай жасайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасы табиғи ресурстардан түсетін табысты ұзақмерзімді қоғамдық активтерге айналдыруға бағытталған бастама ретінде бағаланады. EU Reporter басылымы бұл тәжірибе елеулі ұлттық жинағы бар және оны халық игілігіне жұмсау жолдарын қарастырып отырған өзге мемлекеттер үшін де қызығушылық тудыруы мүмкін екенін атап өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Бурабайда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы алғашқы нысандардың бірі салынғанын хабарлаған едік.
