Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

ЕЛІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ – РӘМІЗДЕРІМ!

Әрбір мемлекеттің бір құдіреттің астында біріктіретін өзіне тән қастерлі таңба- рәміздері бар. Мемлекеттік рәміздер дегенде біз ең алдымен желбіреген көк Туымыз, Елтаңба мен асқақтаған Әнұранымызды еске түсіреміз. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Міне, 15 жылдан бері 4-маусым – Мемлекеттік рәміздер күні еліміздің барлық аймақтарында халықтың, оның ішінде жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осындай іс-шаралардың бірі – 2013 жылы ұйымдастырылған патриоттық шара әлі күнге жадымда терең орын алыпты. Ол уақытта бүгінде Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округінің жас әкімі Нұрлыбек Бақтияров «Жастар орталығы» мекемесінің басшысы болып қызмет атқаратын. Нұрлыбектің ұйытқы болуымен 4-маусым күні кешкісін 18:00-де Жетісай қаласының орталық көшесі М.Әуезов бойы аудан әкімдігінің тұсынан орталық базарға дейін жабылды. Алғашқыда қолына Ту, Елтаңба ұстаған жүзге жуық жастар бар дауыстарымен Әнұранды айтып Әуезов тас жолы бойымен жүріп бара жатты. Бір қарағанда-ақ рухыңды асқақтататын көрініс жолай өтіп бара жатқан жолаушыларды да бейжай қалдырмаса керек, әлгі жүздеген жастарымыз 15-20 қадам жылжыған соң біртіндеп көбейіп, Мемлекеттік рәміздерді ұлықтаған тобырдың қарасы арта бастады. Мұндай көрініске әрі толқып, әрі қуанып келеміз. Жүз метрдей жылжыған соң халықтың саны тіпті шексіздей, соңына көз жету қиын болды. Ал, Әнұранның жаңғыры әуе кеңістігін жаулап алардай. Топқа қосылмаған жолаушылар тоқтай қалып қызықтауда. Қалың жұрт Күлпаршын базарының алдынан бұрылып, орталық алаңға келіп тоқтады. Сол іс-шарада жерлестеріміздің керек кезде бір бола алатынын аңғару қиын емес еді. Рухани сабақтастық, Отанға деген махаббат табы айқын көрінетін шаралар бұдан кейін де ауданымызда жиі ұйымдастырылуда.
Кейде кейбір тырнақшаның ішіндегі әріптестеріміз мекеменің шатырында ілулі тұрған Тудың аптап ыстықта оңып кеткен көрінісін әлеуметтік желіге салып, көпшіліктің алдында сынап-мінеп жататыны қынжылтады. Күнмен таласқан көк Тудың тозары бар, оңары бар. Ол бір қылмыс немесе жөнге келмейтін қателік емес. Егер мемлекеттігіміздің белгісі – көк Туға байланысты оғаш көрініске куә болдың ба, оны әлеуметтік желіге салып өзге елдің алдында абыройымызды айрандай ақтармай, сол мекеменің басшысына жеке барып ескерте салуға да болады емес пе? Рәміздер – елдігіміздің белгісі, яғни арымыз бен намысымыз. Егер сол Әнұранымыз бен Елтаңбамызға, қала берді көк Туымызға мін тағып, қорлайтын өзге ұлт табылып жатса Тәуелсіз мемлекетіміздің біртұтастығын мойындамай, ұлт ретінде арымызға таңба салды деп қабылдаймыз. Сөйте тұра өзіміздің кемшіл тұстарымызды өзіміз жарияға жар салып, дүйім елдің алдында абыройымызды қаралаймыз.
Әрине сын түзелмей-мін түзелмейді. Дегенмен, жеке бастың танымалдығын көздеп, Рәміздерімізге сын айтпас бұрын, оның қоғамдағы қауіп-қатерін де алдымен жете түсінген абзал. Мемлекеттік Рәміздер-ұлттық рухтан да жоғары болғандықтан, оған қатысты айтар әрбір сюжетімізге, сөз саптауымызға абай болған да дұрыс. Қаншама халықаралық додаларда атойлаған арыстарымыздың жауырындарында қорған болған көк Туымызды алдымен өзіміз құрметтеп, қастерлей білейік. Әрбір қазақтың көмейін бүлкілдеткен Әнұран – «Менің Қазақстаным» сағы сынбай, мәңгілік ұранымыз болсын!
Э.УСЕРБЕКОВА

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Admin

ТҮРКІСТАНДЫҚ БОКСШЫ МҰХАММЕДСАБЫР БАЗАРБАЙҰЛЫ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖОЛДАМАСЫН ИЕЛЕНДІ

Admin

Ауыл – қазақтың қара шаңырағы

Admin