Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді    

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығында «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Басылымның авторлары  — орталықтың бас ғылыми қызметкері ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы,  профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділов.

Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын морфологиялық, фонетикалық және лексикалық ерекшеліктер анықталады.

— Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік және т.б. көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды.
    Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды. Оның ішінде айлану, ашау, беркіну, беркіту, бұлыт/бұлұт, біротала, езгү, есіту, жолғасу, инану, кезегендік (кезбелік), қары (кәрі), құры (құр сөз), нажағай, соңра, сүру (сүрту, жағу), тәңрі, тұл бой, ұжымақ, ұсап, шүйінші, ылай, ылау, т.б. түрінде құбылған немесе керісінше бастапқы формаларында қолданылған сөздер де бар,-дейді автор Мәрлен Әділов.

Кітаптың фонетикалық ерекшеліктер тарауында кірме сөздерден «қазақы» формада жұмсалғандары да талданыпты. Мәселен, кірме сөздердің Абай тілінде амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, бейіс, бұл (пұл), дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, закүншік, лапке, мәліш, бияншік, ваенной, сaлдaт, самародной, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт сияқты «қазақы» тұлғада өзгертіліп жұмсалуына назар аударылған.
— Кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына мән берілді. Абайда шет тілдерінен, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырылып зерттелді, мысалы: алал (адал), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мү’мин (момын мұсылман), наме (нама), руза (ораза), таслим (тәсілім), хақ (ақы), хисап (есеп),  тағы да басқа,- дейді авторлар.


Морфологиялық өзгешеліктер деп аталатын бөлімде қазіргі қазақ әдеби тілінде ұшыраспайтын (немесе өте сирек жұмсалатын) кейбір морфологиялық формалардың қолданылуы мәселесі талқыланған.  Мысалы, «мыш», «дүр», «тұғын/тұрған», «бірлән/білән, «дағы», «дек»,   «аның үшін/оның үшін, тағы да басқа.

Лексикалық ерекшеліктер тарауында ақын шығармаларының сөздік құрамын актив-пассивтігіне және лексикалық қолданыстарының ерекшелігіне қарай көнерген сөздер, пассив лексика, этнографиялық ұғымдар, ақын тіліне тән қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мəтел мен афоризмдер деп қарастырылған.

Түркітанушы ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор  Мұрат Сабыр өз пікірінде: «Зерттеушілер ақын тілін көне ескерткіштермен салыстырып зерттеп, Абай тілінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдеді», дейді.

Белгілі тіл маманы филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова:

«Кітаптың артықшылығы Абайды көне және орта ғасыр түркі мұралары тілімен байланыстыруында», деп айтады.

Филолог ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Қаламқас Қалыбаева: «Абай тілінен шағатай әдеби тілінің элементтерін іздеу Кеңес кезеңінде «бос әурешілік» деп айтылып, ғалымдар ақын шығармаларындағы осындай тұстарды кең қарастырылмаған еді. Қолымыздағы еңбек бұл олқылықтың орнын толтырды»,-деген пікір білдіреді.


Еске сала кетейік, 15.12.2020 күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өткен болатын.  Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырған осы жиын барысында тілші ғалымдардардың «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітабы таныстырылды. Үш тараудан тұратын көлемді еңбек  — Абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес болып табылады.

Ұқсас жазбалар

Дәстүрлі құндылықтар мен зайырлы қоғам

Admin

ANTIKOR LIVE: БИЗНЕС СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ҚОРҒАУЫНДА

Admin

«ЖАСТАРМЕН БІРГЕ!»: ЖАСТАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ОН КҮНДІК БАСТАУ АЛДЫ

Admin