Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Жәрдемақыны қолдан көбейту масылдыққа жол ашады

Қазақта «Балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Ол адамды еңбекке, дербестікке, өзін-өзі қамтамасыз етуге баулитын терең мағыналы тәмсіл. Бұл сөз біреуге азын-аулақ азық-түлік пен ақша беріп (уақытша) қуантқанша, оған кәсіп үйретіп, жол көрсету әлдеқайда пайдалы дегенді меңзейді. Дайын дүние адамды еріншек етіп, әлеуметтік масылдық сананы қалыптастыратыны белгілі. 
Осы орайда мектептегі бір көрініс еске түседі. Біз мектепте оқыған жылдары нашар оқитын, тәртібі де мәз емес оқушыларды 8-сыныптан соң, училищелерге жіберу үрдісі бар-тын. Әйтеуір, ұстаздар мен мектеп басшылығы тәртібі қиын сондай оқушылардан құтылуды қалайтын. Бәлкім, мұның мектептің білім сапасына, басқалай көрсеткішке кері әсері бар болар.
Енді негізгі тақырыпқа ойыссақ. Қазақстан 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге жұмсалатын шығындарды
860 млрд. теңгеге қысқартуды жоспарлап отыр. Бірнеше жыл бойы бақылаусыз келген әлеуметтік жүйе кей мұқтаж жанды тасада қалдырып, алаяқтық пен масылдықтың тамыр жаюына жол ашты. Бұл қауіпті үрдіс қайдан шықты және қоғамға қандай зиян тигізіп отыр?
Қазақстан бүгінде әлеуметтік саясатты жаңғырту кезеңінде. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елде түйіні тарқатылмаған біраз түйткілдер бар. Оның түп-төркіні әлеуметтік саясаттың ішкі институционалдық әлсіз тұстарында жатыр.
– Қолдауға шын мұқтаж адамдардың бары сөзсіз, бірақ бақылау төмендеген тұста әлеуметтік төлемдер еңбекке ынталандырушы емес, керісінше тұрақты табыс көзі ретінде қабылданады. Ол адамды масылдыққа үйретеді. Масылдық қауіпті құбылыс, ол жұмыс істемей-ақ табыс табуға болады деген түсінік қалыптастырады. Бізде мұндай жайттар кездесіп тұрады. Ол – тұтас қоғамдағы еңбек мәдениетіне әсер ететін дүние. Ал, табысын жасыру, жалған мәртебе алу, формальді талаптарды айналып өту деген сияқты әлеуметтік алаяқтық масылдықтың белсенді формасы. Мұндай жағдайда мемлекет әлеуметтік көмектен бас тартуды емес, оны әділетті, уақытша және шартты етуге мән беруі қажет, – дейді сарапшы.
Экономистің айтуынша, әлемдік тәжірибеде бұл бағытта ортақ қағида қалыптасқан. Біріншіден, әлеуметтік көмек міндетті түрде белсенді әрекетпен байланысты болуы тиіс. Екіншіден, жәрдемақы – сыйлық емес, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікке негізделген келісім. Үшіншіден, мемлекет адамның әлеуетіне инвестиция салу керек. Басымдық оқыту, цифрлық дағдыларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдауға қойылуы тиіс.
Түркістан облысы еліміздегі ең көп әлеуметтік көмек алатын өңір болғандықтан (жалпы үлестің 30%-дан астамы), Үкіметтің 2027 жылғы 860 млрд. теңгелік оңтайландыру жоспарының облысқа да тікелей әсері болмақ. Дегенмен, бұл өзгерістер жәрдемақыларды толық жою емес, «балық беруден қармақ беруге» көшу және бақылауды күшейту форматында жүреді. Облыстағы әлеуметтік төлемдерге бұл реформаның әсері төмендегідей болады.
Төлемдер қысқармайды, талап күшейеді. Базалық жәрдемақылар сақталады. Көп балалы аналарға, мүгедектігі бар жандарға берілетін негізгі мемлекеттік жәрдемақылар қысқартылмайды. Табысы жоғарылар тізімнен шығады. Өзгерістер бірінші кезекте ресми емес немесе жасырын табысы бар, бірақ мемлекеттен көмек алып отырған (әсіресе, А және В санатындағы) азаматтарға әсер етеді. Көмек тек шын мұқтаж жандарға ғана бағытталады. Одан кейін, облыстағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар жаппай сүзгілеуден өтпек.
Цифрлық бақылау. Облыста атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың құжаттары мен нақты табысы туралы «Отбасының цифрлық картасы» арқылы қайта тіркеледі. Табысын жасырғандарға тосқауыл қойылады. Бұған дейін Жетісай, Сарыағаш аудандарында табысын жасырып АӘК алғандар анықталғаны белгілі. 2027 жылдан бастап мұндай сүзгілеу жұмыстары заң жүзінде бекітіліп, талап барынша қатаңдайды.
Үнемделген қаржы өңірдің инфрақұрылымына құйылады. Бұл қысқарту – ақшаны тартып алу емес, халыққа басқа арна арқылы қайтару. Үнемделген миллиардтар жаңа мектептер салуға, балабақшалар ашуға, медициналық орталықтарды жабдықтауға және адами капиталды дамытуға жұмсалады.
«Қармақ беру» («Ауыл аманаты» және жұмыспен қамту). Әлеуметтік төлемнен қағылған немесе оған іліге алмаған азаматтарға мемлекет ақша бермейді. Оның орнына «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5%-бен шағын несие беру (2026 жылдың өзінде оған республикалық бюджеттен 15,3 млрд. теңге бөлінген) және тұрақты жұмыс орындарына орналастыру шаралары еселеп артады. Облыста еңбекке қабілетті бола тұра әлеуметтік көмекке иек артып отырғандар үшін талап қатаңдатылады. Бірақ, шын мұқтаж жандар жәрдемақыдан қағылмайды.
 Әлемдік тәжірибе әлеуметтік масылдықтың салдары ауыр болатынын осы бастан көрсетіп берді. Ал, Қазақстанда аталған мәселе соңғы жылдары ашық байқала бастады. Президент әлеуметтік жеңілдіктің бақылаусыз көбеюі мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеліп отырғанын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, түрлі бағыттағы жүзден астам жеңілдіктің пайда болуы бұл салада делдалдардың көбеюіне жол ашқан.
– Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ, әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттағы мұндай шешімдер тек қаржыға емес, қоғамның демографиялық және отбасылық құрылымына да әсер еткенін атап өтті. Әсіресе, «толық емес отбасы» ұғымын енгізудің салдарына айрықша тоқталды.
Халық арасында жоғары беделге ие болған Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың әртүрлі аймақтарды басқарған жылдары еңбекке қабілетті азаматтарды масылдықтан арылтып, жұмыспен қамтуға ерекше мән бергенін ел ұмыта қойған жоқ. Ол жұмыссыз жүрген жастарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны күтіп отыра бермей, еңбек ету керектігін үнемі қатаң талап ететін. Осы жерде Б.Сапарбаевтың өзекті мәселе бойынша бірқатар ұстанымдарын мысалға келтіруді жөн көрдік.
Ол әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы алу үшін адамдар міндетті түрде еңбекке тартылуы немесе мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы тиіс деп есептеді. Жәрдемақы сұрап келгендерге ақша бергеннен гөрі, оларды арнайы оқыту курстарынан өткізіп, мамандық алуға және бос жұмыс орындарына орналасуға көмектесуді ұйымдастырды.
Өзім де бір жылдары Мансап орталығының Оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы қызметін атқардым. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды кәсіптік оқытулар, жаңа бизнес ашуға бағытталған қайтарымсыз грант беру жұмыстарының ортасында болдық. Мұнда жұмыссыз ретінде тіркелгендер көп келетін. Байқағаным, олар мамандығына сай қызмет ұсынылса, одан бас тартатын. Сөйтсек, олар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Олар бұл ойын жасырмайды, ашық айтады. Әрине, мемлекеттік бағдарлама негізінде ұсынылатын бос жұмыс орындарының жалақысы, мойындау керек, төмендеу, шамамен 150-180 мың теңге мөлшерінде. Кейде одан сәл жоғары. Көп адам оны менсінбейді. Әлгі жұмыссыз статусындағы азамат АӘК пен жаңа жұмыс орнын ойша салыстырып көреді. Қоғамдық көлікпен барамын, түскі тамағым бар, жұмыс істеп шаршаймын. Сондағы алатыным 160 мың теңге ме дегендей мұрнын шүйіреді. Соңында әлгі «тепсе темір үзетін» жігіт дым істемей, мемлекеттен жәрдемақы алып жата бергенім артық деп шешеді.
Бүгінде мемлекет осы көрініспен күресуді бастап та кетті. Нәтижесін уақыт көрсетер. Ал, біз еңбекке жарамды, мүмкіндігі бар адамның өз бетімен табыс тауып, өзін қамтамасыз етуге ұмтылмауы сөзсіз масылдықтың айқын белгісі дер едік. Бұл экономикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық тәуелділік әрі жауапкершіліктен қашу демеске лажың жоқ. Сіз қалай ойлайсыз?

Ұқсас жазбалар

200-ден астам туынды жасаған: Қазақстандағы тұңғыш әйел гобеленші Бәтима Зәуірбекова кім?

Admin

Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті

Admin

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Admin