Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кезекті түнгі рейд жұмыстары жүргізілді. Түнгі рейдке Сауран аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Қалеке, Сауран АПБ аға қызмет инспекторы полиция капитаны А.Сыздықов, Полиция капитаны Т.Онбаев, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Ж.Құрбанәлі және ерікті жастар қатысты. Рейд барысында ең алдымен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне назар аударылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеу, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жасөспірімдердің көлік құралын басқаруына жол бермеу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде ескертілді. Тұрғындармен және жастармен әңгімелесу барысында алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу мәселелеріне де ерекше мән берілді. Азаматтарға жеке мүлікке мұқият болу, бейтаныс адамдарға сенбеу, жеке мәліметтер мен банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі түсіндірілді. Мұндай рейдтердің мақсаты – тек құқықбұзушылықты анықтау емес. Ең бастысы – оның алдын алу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және әр азаматтың заң талаптарын құрметтеуіне ықпал ету. Қоғамдық тәртіп – баршаға ортақ жауапкершілік. Заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың міндеті. Әсіресе жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ата-ана, мектеп, қоғам және тиісті мекемелер бірлесе жауапкершілікпен қарағанда ғана нақты нәтиже болады. Құрметті ата-аналар! Бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, олардың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және түнгі уақытта үйден тыс жүрмеуін қадағалаңыздар. Бір сәттік бақылаусыздықтың соңы өкінішке әкелмес үшін алдын ала сақтық таныту – баршамызға ортақ міндет. Заңды сақтау – өзіңді де, өзгені де қорғау. Заң мен тәртіп – қауіпсіз әрі берекелі қоғамның берік негізі!
#Заңментәртіп #ЗАКОНИПОРЯДО
