Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ӘлемҚоғамМәдениетСаясат

АСТАНАДА РЕСЕЙ ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ГАЛА-КОНЦЕРТІ ӨТІП, МӘДЕНИ ҮНДЕСТІКТІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ ҰСЫНЫЛДЫ

Елорда төрінде Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының мәдениет күндері аясында өнер мен руханиятты тоғыстырған ауқымды гала-концерт өтті. Кеш мәдени байланыстардың жаңа белесін айқындап, екі ел арасындағы достық пен шығармашылық ықпалдастықтың жарқын көрінісіне айналды.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Гала-концерт бағдарламасы көрермендерге сан алуан жанрдағы жоғары деңгейдегі өнер туындыларын ұсынды. Сахнада халықаралық байқаулардың лауреаты Софья Онопченко, башқұрттың «Ay Yola» фолк-тобы, якут өнерінің көрнекті өкілі Олена Уутай және өзге де дарынды орындаушылар өнер көрсетті. Әрбір нөмір ұлттық нақыш пен заманауи орындаушылық шеберліктің үйлесімін паш етті.

Кеш барысында қалмақ пен бурят халықтарының әуендері шырқалып, көрермендер түрлі халықтардың мәдени мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Мәскеу мемлекеттік академиялық «Гжель» би театры, Дағыстанның еңбек сіңірген академиялық «Лезгинка» ансамблі және Қалмақия мемлекеттік «Ойраты» би театрының әсерлі қойылымдары ерекше ықыласқа бөленді.

Айта кету керек, мәдениет күндерінің бағдарламасы мазмұнды әрі көпқырлы іс-шараларды қамтиды. Осы аяда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған дөңгелек үстел өтіп, екіжақты жобалар талқыланды.

Сонымен қатар, елордада Ресей киносының фестивалі басталып, көрермендерге заманауи фильмдер топтамасы ұсынылуда. Фестиваль көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғасады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстардың сабақтастығын айқындайтын тағы бір маңызды жайт – осыдан жарты жыл бұрын Ресейде Қазақстанның мәдениет күндерінің табысты өтуі. Аталған шаралар аясында қазақстандық өнердің үздік үлгілері ұсынылып, көрмелер, кино көрсетілімдері мен театр қойылымдары ұйымдастырылған болатын. Бағдарлама Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында өткен гала-концертпен қорытындыланып, көрерменнің зор ықыласына ие болды.

Бұл жолғы Астанадағы гала-концерт – мәдени ықпалдастықтың үзілмейтін алтын көпірі, өнер арқылы үндескен халықтар достығының айқын дәлелі болды.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ҚОС БІРДЕЙ ОТБАСЫНА ЖАҢА БАСПАНАНЫҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Admin

КЕНТАУ ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ ТҰРАҚТЫ РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Admin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ БОЙЫНША ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Admin