Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ӘлемҚоғамМәдениетСаясат

АСТАНАДА РЕСЕЙ КИНОСЫ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Астана қаласында Қазақстандағы Ресей Федерациясының мәдениет күндері аясында Ресей киносының фестивалі өз жұмысын бастады. Ауқымды мәдени іс-шара 26 сәуірге дейін жалғасып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде «РОСКИНО» ұйымының бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимованың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда аталған фестиваль өнер мен кинематография арқылы мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамытуға, мәдени алмасуды жандандыруға және халықтар арасындағы өзара түсіністік пен рухани байланысты тереңдетуге ықпал ететіні атап өтілген.

Өз сөзінде Эльза Антонова «РОСКИНО» ұйымы жыл сайын әлемнің түрлі елдерінде Ресей киносы фестивальдерін ұйымдастыратынын, алайда Қазақстандағы бұл шараның орны ерекше екенін жеткізді. Оның айтуынша, фестиваль бағдарламасына Ресейде прокатқа шығып, көрермен тарапынан жоғары баға алған, заманауи ресейлік кинематографияның жанрлық әртүрлілігін көрсететін фильмдер енгізілген.

Сонымен қатар, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров мұндай мәдени жобалардың екіжақты ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, ұлттық кино индустриясының дамуына да серпін беретінін атап өтті.

Фестивальдің ашылуында «Первый на Олимпе» атты спорттық драма көрермен назарына ұсынылды. Төрт күн ішінде елорда тұрғындары мен қонақтарына жеті ресейлік фильм тегін көрсетіледі. Атап айтқанда, бағдарламаға «Авиатор», «Буратино», «Чебурашка 2», «Красный шелк», «Три кота. Путешествие во времени» және «Август» фильмдері енген.

Фестиваль аясында ресейлік делегация өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ шығармашылық мамандықтарда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен бірге, көрермендер «Авиатор» фильмінде ойнаған актриса Дарья Кукарскаямен және «Первый на Олимпе» фильмінің актері Антон Савватимовпен жүздесу мүмкіндігіне ие болады.

Ұқсас жазбалар

Патриот тұлғаны тәрбиелеу

Admin

ТҮРКІСТАН: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН НЕСИЕЛЕУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Admin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

Admin